Әуе компаниялары рейс кешіккені үшін өтемақы төлеуден неге жалтарады?

565

Жолаушыны аш қалдырған әуе компаниясына 614 мың теңге айыппұл салынды. Бұл оқиға елімізде ұшақпен қатынайтын жолаушылардың құқығы тапталып жатқанын тағы бір дәлелдеді. Жалпы 1 жыл ішінде қазақстандық компаниялар әуе рейсі кешіккендегі міндеттерін орындамағаны үшін 26 миллион теңге айыппұл арқалапты. 

Әуе компаниялары рейс кешіккені үшін өтемақы төлеуден неге жалтарады?

Осыдан жарты жыл бұрын Алматыда отбасымен демалып жүрген Ербол Барашевтың шұғыл түрде Астанаға қайтуына тура келеді. Жақын арадағы Флайраыстанның рейсіне билет алып, әуежайға келгенінде ұшақтың кешігіп жатқанын біледі. Бастапқыда 2 сағат кідіреді деген ұшақ 6 жарым сағатта бірақ жетіпті. Компанияның салғырттығына аң-таң болған Ербол рейс кешіккені үшін билет құнының 3 пайызы түрінде берілетін өтемақыны алуға әрекет жасайды. Бірнеше ай бойы күрескенінің нәтижесінде тек әйеліне ғана 7 мың теңге төленіпті. Бұл осыншама ұзақ процесс екенін басынан білгенімде қолымды сілтей салар едім,-дейді. 

"Мен сондай көп уақытқа созылатынын білсем жазбаушы едім, енді ішіне кіріп кеткеннен кейін принципке бардым. Қанша күтуге болады? Неге сыйластығы жоқ, жауапкершілігі жоқ. Ешкім сол 5-6 мыңға жазып, жалынып, артынан жүгіріп жүрмейді ғой. Өзім ойлағам ғой бір жеті, екі жетінің ішінде тез. Мен жазғанмын оларға 6-7 мыңды төлемесеңіздер, мен моральный ущерб дей ма, соны беремін дедім. Сотқа бергенде қостырдым. Себебі, біріншіден, 6 жарым сағаттай күттік, екіншіден  5-6 ай арттарынан жүгірдік", дейді қала тұрғыны Ербол Барашев.

Өкінішке қарай, Ербол елімізде құқығы тапталған жалғыз жолаушы емес. Тек соңына дейін күресетін санаулылардың бірі. Сол сияқты тағы бір жолаушы күні кеше дегеніне қол жеткізіп, әуе компаниясын жауапқа тартуға болатынын дәлелдеді. Рейстің сағаттап кешіккеніне қарамастан, жолаушысын аш қалдырған Қазақэйр енді 614 мың теңге айыппұл төлейді.  

Осы оқиғаны мысалға алсақ, Ақтөбеден Елордаға ұшақпен қатынау орташа есеппен 25 мың теңге тұрады. Бір жолаушының арызына бола - 614 мың теңге айыппұл салынды. Яғни, компания 589 мың теңгеге шығындалды. Біздің есептеуімізше, жүздеген адам шағымданса компания -15 миллиард 347 млн 500 мың теңге шығынға батады деген сөз. Ал ресми деректегі сандар былай сөйлейді.

"ҚР ӘҚБтК-нің 567-бабына сәйкес рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде жолаушыға қызмет көрсету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін тасымалдаушыға екі жүз айлық есептік көрсеткіш,  1 жыл ішінде оқиға қайталанса, авиакомпанияға бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. 2022 жылы "Эйр Астана" әуекомпаниясына қатысты жалпы сомасы 7 000 АЕК (21 441 000 теңге) көлемінде 7 айыппұл салынды", деді ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті .

Жалпы 1 жыл ішінде қазақстандық авиакомпаниялар 9 рет (Эйр Астана/FlyArystan  7, Scat -1 , Qazaq Air -1) 8 200 АЕК (26 076 000 теңге) сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

КСМ: Сарапшылардың айтуынша, рейс кешіккен жағдайда компания жолаушыға өтемақы төлеуді өзі ұсынуы тиіс. Ұшақ 10 сағатқа аялдағанның өзінде ол алпауыт компания үшін үлкен ақша емес. Ал шетелде мұндай мәселелер ешқашан сотқа дейін бармайды екен. Себебі, тасымалдаушы жазадан оңай құтыла алмайтынын жақсы біледі.

"Көп деп айтып жатқаным  тұтынушыларды қорғау мәселесі бізде жоқ. Біздің үкімет өзінің назарын аудармай жатыр, қоғамдық жұмыстарды атқаратын ұйым болу керек шығар деп ойлаймын. Шетелде авиакомпаниялар соттасуға ешқашан бармайды. Сотқа дейінгі заттардың бәрін реттеуге тырысады,с ебебі сотқа дейін барғанда олардың шығыны одан аса өсіп кетеді де, ол жағдайға жеткізбеуге тырысады. Бізде де қоғамдық ұйымдар бірігіп, осы жұмысты қолға алса, біздің жолаушыларға, тұтынушыларға жақсылық болатын еді", дейді Авиасарапшы Абыл Әбіш.

Еуропаның тәжірибесіне сүйенсек, әуе компаниясының кінәсімен жолынан қалған жолаушы арнайы қосымшаның көмегімен өтемақысын ала алады. Онда рейсінің нөмірін, тиісті құжаттарын көрсетеді, төленуі керек қаражат та сонда түседі. Ал бізде осындай қосымша болмаса да, тұтнушылардың құқығын қорғаумен айналысатын ұйым қажет,-дейді мамандар. Себебі, онсыз заң үстемдігін орнату мүмкін болмай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу