Ауғанстанда енді әйелдерге көшеде сөйлеуге тыйым салынады

322

Елдің әдеп министрлігі бірнеше шектеулер енгізді.

Ауғанстанда енді әйелдерге көшеде сөйлеуге тыйым салынады Фото: Антимафия

Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысы "жамандықты жоюға" бағытталған жаңа заңдар қабылдады. Соның ішінде енді әйелдерге көпшілік алдында даусын шығаруға, яғни ер адамның көзінше сөйлеуге тыйым салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл заңды айыптап, әйелдер құқығына алаңдаушылық білдірді.

Заңды "Талибан" қозғалысының жоғарғы жетекшісі Хайбатулла Ахунзада мақұлдады.

Әдеп министрлігі ресми түрде ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алумен айналысады. Жаңа ережелер жинағы мохтасабиндерге (тәліптердің әдеп полициясы) ауғандардың қоғамдық өміріне араласуына мүмкіндік береді. Олар халықтың киімі мен қоғамдық орындарда қалай жүргенін, азаматтардың не ішіп-жейтінін бақылайды.

Жаңа заң бойынша, әйелдің дауысы "әдепсіздік" болып саналады. Жаңа шектеулер бойынша кәмелетке толған қыз үйінен тыс жерде сөйлей алмайды, бетін және денесін жасырып жүруі керек.

Министрлік әдеп талаптарын орындамағаны үшін мыңдаған адамды қамауға алғанын айтады. Талибанның мәлімдеуінше, бұл ережелер шариғат заңдарына негізделген және оны әдеп министрлігі орындауы керек. 

Заң әйелдердің ерлерді еліктіріп, азғындамасын деген оймен оның сыртқы келбетіне қатысты ережелерді қатаң ұстанады:

Әйел денесін толығымен жабуы керек;

Ер адамның ойы бұзылмас үшін әйел бетін жабуы қажет;

Әйелдің дауысы да "әурет" болып саналады, оны көпшілік естімеу керек;

Әйелдер өз үйінде болса да, ән айтпауы керек немесе дауысын қатты шығармау керек, яғни оның дауысы көшеде естілмеуі тиіс;

Әйелдердің киімі жұқа, қысқа немесе денеге жабысып тұратындай болмауы керек;

Әйелдер бет-жүзін тек туыстығы бар ер адамға және күйеуіне көрсете алады, қалғандарынан жасыруы міндетті.

Ерлерге әйелдің денесіне, бетіне қарауға, әйелдерге де еркектерге қарауға тыйым салынған.

Жаңа заңдар ерлерге де шектеу енгізген. Енді олар көшеде жүргенде, денелерін кіндіктен тізеге дейін жабу керек, өйткені бұл әурет болып саналады.

Әрі ерлерге шашын шариғатқа сай келмейтін үлгіде киюге тыйым салынады. Бірнеше провинциядағы шаштараздарға сақал қыруға тыйым салынды. Жаңа ереже бойынша сақал жұдырықтай болуы керек. Сондай-ақ ер адамдарға галстук тағуға болмайды.

Заңға сәйкес, такси жүргізушілеріне жалғыз жүрген және хиджаб кимеген әйелдерді көлікке мінгізуге, бір жерге апаруға тыйым салынады. Яғни қыздың жанында әкесі, кәмелетке толған ағасы сияқты жақын туыстары немесе күйеуі ертіп жүруі керек. Ерлер мен әйелдерге көлікте қатар отыруға тыйым салынады.

Жаңа заң тіршілік иелерінің фотоға түсіруге оны жариялауға тыйым салады. Тек адам емес, тіпті құстардың, жануарлардың фотосын жасауға болмайды. Сондай-ақ тірі жандардың мүсінін сатып алуға және сатуға да тыйым салынған.

Заң енді магнитофон мен радиодан музыкаларды алып тастауды талап етеді. Сондай-ақ тірі жандары бар фильмдер алып тасталады. 

Мохтасабиндер осы заңның орындалуына жауапты. 

Жаңа заңның қабылдануымен олардың өкілеттіктері артты. Олар әйелдерге ән айтуға тыйым сала алады, үйдегі музыканы өшіруге мәжбүрлей алады. Сондай-ақ ерлердің шашын қиюға мәжбүрлей алады.

Егер адам ашық түрде заңды бұзса, оған "құдайдың жазасы мен тозақ оты" туралы түсіндірме жүргізіліп, қорқытады. Сонымен қатар айыппұлжәне мемлекеттік түрмеде үш тәулікке дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының басшысы Роза Отунбаевабұл заңға қарсылық білдірді.

"Онжылдық соғыстан кейін және жантүршігерлік гуманитарлық дағдарыстың ортасында ауған халқы бұдан жақсырақ өмірге лайық. Намазға кешігіп келсе, оны қорқытып, түрмеге қамау, басқа жыныс өкіліне қарап қалғаны үшін жазалау әділетсіз”, – деді ол.

Талибан үкіметі теократиялық билік орнатты. бірақ елдің кейбір бөліктерінде, соның ішінде Кабулда заң жүйелі түрде орындалмайды. 

Ізгілікті насихаттау және жамандықтың алдын алу министрлігі Ауғанстандағы ең белсенді және маңызды мемлекеттік органдар болып саналады. Олар өткен жылы шариғат заңдарын сақтамағаны үшін 13 мыңнан астам адамды уақытша қамауға алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу