Қазақстанда шамамен 2 млн бала (қазақстандық бес оқушының екеуі) ауылдағы мектептерде оқып жатыр. Ондағы білім сапасы төмен, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Еліміздегі ауыл мектептеріндегі білім сапасы қалалардағы білім беру мекемелерімен салыстырғанда төмен. Оған көрсеткіштер дәлел.
Мысалы, ҰБТ-2019 қорытындысы бойынша ең төменгі 50 балды ауылдарда білім алған әрбір төртінші оқушы алған. 5 жыл бұрын мұндай ұпай жинаған
түлектер 12,1% болған (2019 жылы ҰБТ-дағы ең жоғары балл – 140, 2014 жылы – 125 балл болды. Яғни ҰБТ-да жоғары ұпай жинау сәл жеңілдеген).
2019 жылы республика бойынша ҰБТ-дағы орташа балл – 65,5, ал бір жылдан соң бұл көрсеткіш 64,06 балға төмендеген.
Тағы бір дерекке тоқталайық. Қазақстан ЭЫДҰ және IEA-ның жаратылыстану-математикалық білім беру сапасын көрсететін TIMSS халықаралық зерттеуіне қатысып жатыр. БҒМ мәліметінше, қаланың төртінші сыныбында оқитындар ауылдағы оқушыларға қарағанда математикадан 17 балл артық алған
(499 және 516 балл). Сегізінші сынып оқушылары арасындағы айырмашылық 20 балл (474 және 494 балл). Жаратылыстану пәні бойынша төртінші сынып оқушылар 24 балл артық жинаған (476 және 500 балл). Ал қаладағы сегізінші сынып оқушылары бұл пәннен 30 балл артық алған (457 және 487 балл).
Бұл деректер еліміздегі ауылдарда білім сапасының төмендеп жатқанын көрсетеді.
Ауылдық елдімекендердегі оқушыларға білім сапасын арттыру үшін көмек керек. Мұндай мүмкіндікті қазақстандық кәсіпкерлер беріп жатыр. Қазақстандағы білім беру саласында инвестициялық белсенділіктың артқаны байқалады.
2021 жылдың 2 айында салаға 7,8 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,7%-ға артық. Оның ішінде 31,9%-ы бизнестің өзі салған инвестиция: 2,5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7% -ға артық.
2020 жылы инвесторлар білім беру саласына өз қаражатынан 48,7 млрд теңге бөлген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,5%-ға аз.