Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігіне аудитінің қорытындысын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі аз екенін көріп отырмыз – орта есеппен 5%-ға жуық. Негізгі себептері белгілі: өнімділіктің төмен болуы, суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы, суды тиімсіз пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы, материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар", – деді Әлихан Смайылов.
Палата Мәжілістің тапсырмасына сәйкес салаға аудит жүргізген.
"Бес жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр. Біріншіден, саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген", – деді Жоғары аудиторлық палата басшысы.
Оның сөзінше, бұл да агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады.