Облыс, аудан мәслихаттары аз болғандай, енді әр ауылдық округтерде дәл осындай қызмет атқаратын кеңес құрылмақ. Бүгін Мәжіліске осындай өзгертулер енгізілетін заң жобасын Үкімет өкілдері таныстырды.
"Бұл ретте кеңес келесідей функцияларға ие болуы көзделуде. Бірінші кезекте бұл бюджетті бекіту жөніндегі өкілеттіктер. Қазіргі уақытта ауыл әкімінің бюджеті жобасын әзірлеп, жергілікті қоғамдастықпен келісіп, содан кейін аудан әкімдігіне қарауға жіберетін. Нәтижесінде бюджеттің төртінші деңгейін аудандық мәслихат бекітетін. Яғни, біз бюджетті бекіту құқығын кеңестің атынан тікелей тұрғындарға береміз",- дейді ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков.
Бұдан бөлек, кеңес ауыл әкімін қызметінен алу туралы ұсыныс бере алады және олар қабылдаған шешімдер кәдімгі нормативтік-құқықтық актілермен теңестіріліп, жергілікті жерде орындалуға міндеттеледі екен. Одан өзге де бірқатар қадағалау құзыреті берілмек. Ал, осы кеңестің төрағасы онлайн дауыс беру арқылы сайланады деп жоспарланған. Яғни, халыққа өзі сайлаған әкімнің жұмысын бақылау үшін тағы бір адамды сайлауға тура келеді. Әрі ол кеңес төрағасына кемінде 260 мың теңге болатын жалақы төленеді екен. Бұл жерде жиынға қатысушылардың пікірі екіге жарылды.
"Жалпы бұл кеңесті құру кезінде біз ауыл округінен тағы бір қосымша екінші ауыл әкімін сайлап қоймаймыз ба? Мына жерде кеңеске келешекте біраз өкілеттік бергелі тұр. Сол жерде арада кикілжің, арада тайталас болып, ауыл әкімі мен кеңес төрағасының арасында көптеген мәселеге байланысты, қазақша айтқанда "қойшы көп болса" дегеннің кері келіп қалмай ма деген мәселе бар",- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков.
"90 пайыз халықтың протесті ол әлеуметтік мәселе. "Жылу жоқ, жарық жоқ, жол жоқ". Оның бәрі қалай шешіледі? Көшеге шығып, митинг арқылы. Ал мынау халықтық кеңес халықты митингке шығармай, жүйелі түрде шешуге көмектеседі",- деді "Байтақ" партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.