"Ауыртпашылық қарапайым халыққа түседі": Депутат жаңа Салық кодексінің жобасын сынға алды

738

Үкімет ҚҚС-ты 16 пайызға арттырудан бюджетке 2,8 трлн теңге түседі деп отыр.  

"Ауыртпашылық қарапайым халыққа түседі": Депутат жаңа Салық кодексінің жобасын сынға алды Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов жаңа Салық кодексінің жобасындағы өзгерістердің салдарынан қарапайым халық пен шағын және орта бизнеске ауыртпашылық түсетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұсынылып отырған Салық кодексінің жобасы жүзеге асса, онда бюджетке 4-5 трлн теңге қаражат түседі деп болжап отырсыздар. Негізі мұнда салмақ, ауыртпашылық қарапайым халық пен шағын және орта бизнеске түседі. Ірі кәсіпкерлік субъектілері бұдан ешқандай ауыртпашылық көрмейді. Жалпы заң жобасында сіздер жер қойнауын пайдаланушыларға, темекі бұйымдарын шығаратындарға, банктерге жеңілдіктер қарастырып отырсыздар. Атап өтсек, егер банктер экономиканың нақты секторын қаржыландыратын болса, онда 20 пайыз корпоративтік салық қойғансыздар. Темекі бұйымдарына қазір 11130 теңге акциз болса, оны 36 пайызға төмендетіп жібергенсіздер. Ал енді банктерге не үшін ондай жеңілдік бересіздер?",  деп сұрады Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Оның сөзінше, банктер 20-25 пайызбен қалай қаржыландырды, солай жалғастырып жатыр. 

Мәжілісмен Серік Жұманғариннен ҚҚС салығын көтеруден бюджетке қанша қаражат түсетінін сұрады. Сонымен қатар қарапайым халықтың жағдайы қиын болғанда оларға қандай көмек көрсетілетінін нақтылады.

"Қосылған құн салығын 16 пайызға дейін көбейтсек, 2,8 трлн теңге түседі. Салықтық жеңілдіктерді аазайтсақ, 1,3 трлн теңге түседі. Осал топтарға цифрлық карта арқылы көмек көрсетеміз. Біздің міндетіміз бар, ол Бюджеттік кодексте жазылған. Ешқандай банкке, темекі шығаратын компанияға арнайы көмек беріп отырған жоқпыз. Біз бизнеске көмектесіп отырмыз. Банктер – әрбір салықты төлейтін, ең жақсы нарықтық бизнес субъектілері. Сол себепті банктер туралы жаман айта алмаймыз. 20 пайыз қалдырғанымыздың себебі нақты секторды қаржыландыру үшін банкті ынталандырып отырмыз. Қаражатты нақты секторға бұру үшін тұтыну секторына 25 пайыз жасадық",  деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Айта кету керек, осыған дейін Үкімет салықтарға қатысты өзінің ұстанымын айтқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу