Бақылау бекетін бұзып өтпек болған полиция қызметкері ме?

1074

Қалалық ІІД оны экс-полиция, ал қайтыс болған тәртіп сақшысының әйелі жұмыс істеп жүрген қызметкер дейді.

Бақылау бекетін бұзып өтпек болған полиция қызметкері ме? Фото: Максим Морозов

25 мамыр күні таңғы сағат 5:26-да Алматының №4 бақылау-өткізу бекетінде BMW маркалы көлік тізгіндеген мас жүргізуші бетон кедергілерді қағып өтіп, патрульдік көлікке соғылған. Жол көлік оқиғасының салдарынан темір тұлпарда отырған екі тәртіп сақшысының бірі оқиға орнында тіл тартпай кетсе, екіншісі аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ал жолда көліктерді тексеріп тұрған үшінші полицей ауруханада ауыр хәлде жатыр.

"Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік жүргізушісі қамауға алынды", – деген полиция  департаментінің баспасөз қызметі күдікті туралы артық ақпарат бермеді. Алайда желіде оның бақылау камераларына түскен суреттері мен қосымша деректер тарай бастады. Мәселен "Время" газетінің журналисі Михаила Козачковтың телеграм арнасында мас жүргізушінің өзі тәртіп сақшысы екені жазылды. 

"Бүгінгі №1 жаңалық – ішіп алған BMW көлігінің жүргізушісі бақылау бекетін соғып, соның салдарынан екі полиция қызметкері мерт болды. Бірақ полиция қызметкерлері көлікті кім айдағанын айтпады. Айтпай қойған себебі де бар. Ішіп алған жүргізуші полиция қызметкері – Азат Азаматов. Бірақ полицияда қазір де істеп жатыр ма, әлде бірден кешегі күнмен жұмыстан шығарып жіберді ме екен, ол жағы белгісіз", – деп жазылған парақшада.

Бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін inbusiness.kz тілшісі Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінің басшысына хабарласқан. Салтанат Әзірбек "растамаймыз" деп қысқа қайырды.

Алайда 26 мамыр күні полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов "бақылау бекетін қиратып, екі полиция қызметкерін мерт қылған жүргізуші бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істеген" деген мәлімдеме жасады.

"Өткізу пунктінде болған қайғылы оқиға бірден ішкі істер органдарында қызмет еткен екі полиция қызметкерінің өмірін қиды. Бірақ, ең өкініштісі, жантүршігерлік апатты жасаған жүргізуші бұрын полицияда істеген. Ол полицияда алты жыл қызмет етті, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт тәртіптік жаза алды. Бұл оның ішкі істер органдарынан кетуіне себеп болды. Бірақ одан кейін де ол өзі үшін дұрыс қорытынды жасай алмады. Заңды бұзып, рульге мас күйінде отырып, қылмыс жасады", – деді Қанат Таймерденов.

Полиция департаментінің бастығы екі немесе одан да көп адамды өлтіргені үшін А. есімді азаматқа қатысты ҚРҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады.

Бүгін осы оқиғаға қатысты тың ақпарат тарай бастады. Бекетте қайтыс болған полиция қызметкері Дастан Әбдіқановтың жары Динара Әбдіқанова Инстаграм желісіндегі пабликтердің бірінде бұл ақпараттарды жоққа шығарып, пікір қалдырған. Ол жерде BMW жүргізушісінің құқық қорғау органы қызметкері екенін, сол түні ол күйеуімен бірге кезекшілікке түсуі керек болған, күйеуінің әріптестерін түрінен танитынын жазады.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу