Банкроттық туралы заң: бюджет 100 млрд теңгеден қағылуы мүмкін

569

Банкроттық туралы заң аясында 3 жылда бюджет 100 млрд теңге кірістен қағылуы мүмкін. Өйткені, банкрот деп танылған азамат есептен шығарылған  берешегі үшін табыс салығынан босатылады. 

Банкроттық туралы заң: бюджет 100 млрд теңгеден қағылуы мүмкін Фото: tengrinews.kz

Бүгін Сенат тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ депутаттар соңғы жылдары халық жиі несие ала бастады, сондықтан қарыз берудің талаптарын қатаңдату керек дейді. 

Банкроттық туралы заң жыл басында жарияланды, наурыздың 3-інен өтінімдер қабылдана бастайды. Алайда, құжат әлі күнге дейін толықтырылып жатыр. Әсіресе, салық мәселесінде шикілік көп. Мысалы, банкрот болған азамат заң бойынша кешірілген қарызынан 10 пайыз табыс салығын төлеуі тиіс. 

"Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында жеке тұлғалардың банкроттық кезінде кешірілген қарызы оның табысы деп есептелмеуі тиіс", дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Карплюк.

Яғни, салық төлеудің қажеті болмайды. Бірақ медальдің екінші жағы бар. Мәселе мынада: Қазақстан бойынша 1 млн 180 мыңнан астам адам кредитке белшеден батып, берешегін төлей алмай жатыр. Олардың бәрі банкрот атанып, кешірілген қарызынан табыс салығын төлемеген жағдайда, 3 жыл ішінде бюджет 100 млрд теңге кірістен айырылуы мүмкін.

"Бұл тек болжам ғана. Қарызы бар адамдардың барлығы бірдей банкроттыққа өтініш бермеуі мүмкін. Бұл  бір. Екіншіден, қарызын төлей алмай жатқан адамның салықты да төлей алмайтыны белгілі. Сондықтан, бұл сома бәрібір бюджетке түспейтін еді. Яғни, бюджет қысқармайды, тек кірістің бір бөлігінен қағылады", дейді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. 

Тағы бір жаңашылдық: жеке тұлға банкроттығын рәсімдеу үшін сотқа жүгінген кезде қарызы бойынша өсімпұл есептеу уақытша тоқтатылады. Ал егер сот оны банкрот деп танудан бас тартса, өсімпұл қайта есептеле бастайды. Соңғы жылдары тұрмысы нашарлаған қазақстандықтар жиі кредит ала бастаған. Былтыр несие беру 25%-ға артып, оның көлемі 7 трлн 700 млрд теңгеге жетті. Осы орайда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қаржы ұйымдары несие беру талаптарын қатаңдатуы тиіс деп санайды. 

"Сондықтан болашақта банктер кепілсіз несие алатын тұтынушыларды мұқият тексеруі үшін заңнаманы қатаңдату мәселесі туындайды. Егер біз осы бағытта нақты қадамдар жасамасақ, тұтынушыларға несие беру көбейіп, одан туындайтын экономикалық және әлеуметтік жағдайдың салдарынан банкротқа ұшыраушылардың қатары да арта береді", дейді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Иә, Әшімбаевтың айтқаны дұрыс-ақ. Әрине, сенатордың жалақысына кредитсіз-ақ күн көруге болатын шығар, тек қараша халықтың несие алудан басқа амалы жоқ екенін төраға ескермеген сияқты. Инфляция аспандап, қымбатшылық қысқан заманда табысы төмен қазақстандықтар тіпті азық-түлікті кредитке алуға мәжбүр. Алайда, депутаттар бұған Үкімет емес, азаматтардың өздері кінәлі дейді. 

"Менде кредитке жиі жүгінемін. Шұғыл қажет бола қалса, ақшам болмай қалса, несие рәсімдеймін. Бірақ, төлем қабілетіме қарай бәрін есептеп аламын. Бастысы -  әр адам шешім қабылдарда қарызды төлей аламын ба, жоқ па деп ойлануы керек, өз мүмкіндігін дұрыс бағалаған жөн. Бұл жерде Үкімет өз міндеттемелерін орындамады деу қисынсыз. Билік кінәлі деп ойламаймын. Әркім өзі үшін жауап береді", дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова.

Банкроттыққа өтінім қабылдау бір аптадан кейін басталады, жауапты министрлік бәрі дайын деп сендірді. Алайда банкроттықты қазақстандықтар  қарызды кешіру немесе кредиттік амнистия деп қабылдамауы керек. Бұл қадамға басқа амал қалмаған кезде ғана барған жөн. Өйткені, банкрот болған адам 5 жыл несие ала алмайды, 7 жыл банкроттыққа қайта арыз бере алмайды, ал 3 жыл бойы мемлекет оның қаржылық жағдайын бақылайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу