Банктер АӨК-ге кредит беруді азайтып жатыр

1078

Саладағы компаниялардың 99,6%-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, ірі бизнестің үлесі – 0,4%.  

Банктер АӨК-ге кредит беруді азайтып жатыр

Еліміздегі екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына кредит беруді азайтуда, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасы үшін маңызды саланың бірі. Себебі агроөнеркәсіп кешені (АӨК) азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастырады.

Сондықтан саладағы қызметті тиімді жүзеге асыру асыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тиісті қаржымен қамтамасыз ету маңызды. Алайда сектор арзан несие мен инвестицияға зәру.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, айналымға қаражаттың жетіспеуі, кредиттің жоғары пайызбен берілуі, өнімді сатып алу бағасының төмендігі, материалдық-техникалық базаның тозуы өнім өндірушілердің жұмысына кері әсерін тигізуде.

Сондай-ақ қаржының жетіспеуі де саланың дамуын тежеп отыр. Бұл негізгі фактор болып саналады. 

Елімізде банктер агроөнеркәсіп кешеніне қарыз беруді азайтып жатыр. Мысалы, 2021 жылғы 1 сәуірде екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) ауыл шаруашылығына жалпы сомасы 225,3 млрд теңге кредит берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға аз.

2016-2018 жылдары ЕДБ салаға 650-718 млрд теңге көлемінде кредит берген. Ауыл шаруашылығы активтері мен жерлердің кепілдік құнының төмен болуы, сондай-ақ өтімді кепілдіктің болмауы банктерден кредит өнімдерін алуды қиындатып отыр.

Сонымен қатар ЕДБ көбінесе ірі бизнеске кредит береді, ал ауыл шаруашылығындағы компаниялардың 99,6%-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, саладағы ірі бизнестің үлесі – 0,4%. 

Ауыл шаруашылығы субъектілері үшін баламалы қаржыландыру көзі – микрокредит беру. Микроқаржы ұйымдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржылық қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Өйткені олардың басым бөлігі шалғай өңірлерде орналасқан. Банктермен салыстырғанда микроқаржы ұйымдарының филиалдары көп, әрі онда клиенттің қаржылық құжаттарына қойылатын талаптары тиімдірек. 

Қазақстанда екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфелі азайып, ал микроқаржы ұйымдарының кредиттік портфелі өсіп жатыр. Мысалы, 2021 жылғы 1 қаңтарда микрокредиттердің сомасы 418,1 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,5%-ға артық. 

Дәурен Ерболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу