Баспа БАҚ: Оқырмандар мен жарнама берушілер онлайн кеңістікке көшуде - energyprom.kz

668

Қазақстан баспа БАҚ-тың танымалдығы неге азайып жатыр?  

Баспа БАҚ: Оқырмандар мен жарнама берушілер онлайн кеңістікке көшуде - energyprom.kz Фото: kenergo.kz

Елімізде баспа ісі саласындағы қызмет көлемі артты. Былтыр соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш тіркелді: 61,5 млрд теңге. Құндық мәнде жылдық өсім – 14,3%, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

Газет, журнал және басқа мерзімді басылымдар баспа қызметінде 44,5%-ды құрайды. 2022 жылы аталған үш сегменттегі қызметтің жиынтық көлемі 27,4 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде журналдар мен басқа да мерзімді басылымдарды басып шығару қызметінің көлемі 5,8 млрд теңгені құрады. Ал газеттерді басып шығару бойынша қызметтер – 21,6 млрд теңге, бұл өткен жылға қарағанда 15,9%-ға артық. 

Ресурстың жазуынша, газет шығаруға кететін негізгі шикізаттың бағасы 2019 жылды айтпағанда жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, былтыр қағаз 16,4%-ға, 2021 жылы – 8,6%-ға, ал 2018 жылы 28,3%-ға қымбаттады.

Әрине, бұл фактор газеттің баспа нөмірінің құнына әсер етеді. Газеттердің қаншалықты қымбаттағанын Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша анықтау мүмкін емес. Себебі 2021 жылдан бастап Ұлттық статистика бюросы тауарлардың осы түрінің бағасына бақылау жүргізбейді.

TNS Central Asia медиа зерттеу маркетингтік компаниясының мамандары жүргізген шолуға назар аударсақ. Ұйымның сарапшылары бес жыл қатарынан негізгі байланыс арналары арқылы жарнама ағындарына талдау жүргізген. Оның нәтижесі баспа басылымдары бойынша бес жыл бойы теріс динамика байқалғанын көрсетіп отыр. Мысалы, 2018-2020 жылдары баспасөз өзінің жарнама көлемінің айтарлықтай көлемін жоғалтты: жыл сайын 32,6%-дан 38,9%-ға дейін. Ал, былтыр бұл көрсеткіш 12,2%-ды құраған.

Осы жылдың наурыз айының соңында ҚР Президентінің сайтында жарияланған Қазақстанның ақпараттық доктринасында елдегі баспа басылымдары азаматтардың тек 9%-ы үшін негізгі ақпарат көзі екендігі айтылған.

Аналитикалық порталдың жазуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының жабылуының жиі айтылатын себептерінің бірі ретінде газеттің бизнес-моделінің қаржылық сәтсіздігі айтылады. Сол себептен газеттің қағаз нұсқасы жабылғаннан кейін жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылдаған басылымдар электронды форматқа көшіп, аудиториямен және жарнама берушілермен жұмыс істеудің жаңа жолдарын тапты. Басылымдардың экономикалық жағдайына теріс әсер еткен себептерге аудитория қызығушылығының төмендеуі, салдарынан таралымның және баспасөз сататын орындарға қолжетімділіктің азаюы жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу