Баспана алу үшін алдын ала келісім жасауға тыйым салынады – министрлік

518

Не үй жоқ, не ақша жоқ.

Баспана алу үшін алдын ала келісім жасауға тыйым салынады – министрлік Фото: Inbusiness.kz

Елімізде баспана сатып аламыз деген 7 мыңға жуық үлескер алданыпты. Енді осындай дау туындамас үшін құрылыс компаниясымен алдын ала келісім шарт жасауға тыйым салынбақ, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, қолданыстағы үлескерлерге қатысты заңды айналып өтетіндер көбейген. Осының салдарынан проблемалық нысандардың саны артып келеді. Соның бірі Астанадағы "Қазанат-2" тұрғын үй кешені.

Аты дардай "Қазанат-2" тұрғын үй кешенінің салынып жатқанына 5 жылға жуықтады. 300-ден астам үлескер енді сандалып жүр. "Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ" дейді мұндағылар. Аязды күні құрылыс алаңын көруге келгендер жұмыс сол күйі тұралап қалғанын айтады. Үлескерлердің ішінде қоныс тойын көрмей кеткендер де бар екен. 

"Осында салған кісілердің жағдайын ойлайтын адам жоқ. Бізде қаншама аталар әжелер қайтыс боп кетті осы үйді күтіп-күтіп. Иә, о дүниелік боп кеткен аталар бар. Тіптен, 4 жылдан бері күтіп келеді ғой. Қашанғы күтеді адамдар. Біздің бармаған жеріміз жоқ", - дейді қала тұрғыны Сәуле Садуова.

Құрылыс компаниясы мен үлескерлер былтырдан бері соттасып келеді. Құрылысшылар күннің суығын желеу етіп, құрылыстың тұралап қалғанын табиғаттан көрді. Өйткені, жылу жүргізу үшін көрші үйді ажырату керек. Ал, оған дәл қазір ешкім рұқсат бермейді. 

Бұл бір ғана мысал, жылдар бойы жиғандарын армандаған баспаналарына салған жұрт сандалып қалмасын деп жауапты министрлік өзгеріс енгіземіз деп сендірді. Яғни, баспана алу кезінде алдын ала келісім жасауға тыйым салынбақшы. Оған қоса, жарияға жар салып, жұрттан ақша жинау үшін жарнама жасауға да болмайды енді. Ал, әкімдіктегілер болса, үлескерлерден ақша тартудың заңдылығын қадағалау қажет.

Айта кету керек, елімізде үлескелердің қатысуымен 44 проблемалық нысан анықталды. Көш басында елорда болса, Ақтөбеде 11, Маңғыстау облысында 6, Атырауда 5, Ақмола облысында 4, ал Алматы мен Солтүстік Қазақстанда бір-бірден.

Сонымен қатар, жұмысты тоқтатып, үлескерлерден ақша алған құрылыс компаниясына салынатын айыппұл 7,4 миллион теңгеге дейін көтеріледі. Бұл үй бағасының өзгеруіне әсер етпейді, дейді депутаттар.

"Үйдің бағасы қымбаттамайды. Бұл жерде мемлекеттің де, халықтың да жағдайын ойлап отырмыз. Үйдің бағасы қай уақытта түседі. Бәсекелестік болған уақытта түседі. Сондықтан бірнеше компания болғанда, нарық өзі реттеп, бағаны төмен қарай түсіретін болады", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Мұсабаев.

Депутаттың сөзіне сенсек, бұған дейінгі заң тек ірі компаниялардың сойылын соғып келген. Жаңа жоба қазір Мәжілістің қарауында. Егер өзгеріс енгізілсе, ортаңқол және шағын компанияларға да үй салуға мүмкін болады. Үлескерлердің мүддесін қорғайтын құжат жазға дейін қабылдануы мүмкін деп отыр депуттаттар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу