Батыс Сахараға қазақстандық әскери қызметшілердің жаңа құрамы барды

1091

Қазақстан әскери қызметшілерінің жаңа құрамы Батыс Сахарадағы БҰҰ-ның миссиясына қатысуын жалғастырады.    

Батыс Сахараға қазақстандық әскери қызметшілердің жаңа құрамы барды

БҰҰ-ның Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі миссиясын атқарып жүрген қазақстандық офицерлер алмасты, деп хабарлады inbusiness.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа құрамда үш офицер-подполковниктер Уәлихан Байкенов пен Сәбина Мұрзалинова, сондай-ақ капитан Дәурен Садуақасов бар.

Олар бір жыл бітімгерлік миссияны орындаған подполковниктер Арман Омаров және Ернар Аманиязовпен, сондай-ақ капитан Римма Шәкеевамен алмасты.

Аталған миссияға дайындық кезінде офицерлер оның ерекшеліктері мен міндеттерін, сондай-ақ тұтастай сол елдегі жағдайды бір айдан астам уақыт зерделеді. Енді олар 30-дан астам мемлекеттің өкілдерімен бірге қызмет етпек.

Бітімгерліктен қайтқан офицерлер өздерін жауапты және жоғары білікті мамандар ретінде көрсетті. Атап айтқанда, подполковник Арман Омаров ұшу қауіпсіздігі техникасы мен оларды үйлестіруге жауапты болды. Дағдарыс жағдайында көрсеткен бастамасы мен кәсібилігі үшін офицер миссия қолбасшысының атынан алғыс хатпен марапатталды.

Подполковник Ернар Аманиязов соңғы жеті ай ішінде миссия қолбасшысының логистика жөніндегі аға әскери кеңесшісі міндетін атқарды. Ол материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жоспарлауға бірнеше рет қатысты. Қиын жағдайлар туындағанда өз ұсыныстарын айтып, нәтижесінде команда оларды негізді, әрі дұрыс ұсыныс деп қабылдады.

Капитан Римма Шәкеева әскери қызметші әйелдердің бітімгерлік қызметінің барлық салаларында, қиын жағдайларда өздерінің ер әріптестерімен бірдей деңгейде қызмет атқара алатынын кезекті рет дәлелдеді. Ол миссиядағы қызметін бітімгерлік базасының операторы ретінде бастады. Патрульдерді жоспарлауға жауапты болды. Содан кейін миссия штабы жанындағы бөлімде жұмыс істеді, онда келген офицер-бітімгерлерді даярлауда кәсіби дәрежесін көрсетті.

Қазіргі сәтте Батыс Сахарада Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бақылаушылары қызметінде қазақстандық бес офицер бар. Бітімгерлік операцияларға олар қарусыз қатысады және қақтығысушы тараптардың ешқайсысын қолдамай, бейтарап қағиданы ұстанады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу