Баянсыз бағдарламаларға бөлінген қыруар қаржының сұрауы кімнен?

423

Мамандар "Рухани жаңғыру" сияқты түрлі бағдарламалар арқылы қыруар қаржы желге ұшып жатқанын айтады.

Баянсыз бағдарламаларға бөлінген қыруар қаржының сұрауы кімнен?

"100 оқулық жобасы", мысалы. Бір деректерде оған 3,9 миллиард бөлінді. Кей деректерде 7,1 миллиард бөлінді деп айтылады. Яғни, қарап тұрсаңыз мемлекеттік бюджеттен бөлінген ақшаның көлемі бізге белгісіз.

"Рухани жаңғырудың" ең табысты саналатын жобасының өзі көңілге күдік ұялатады. Ал, халықтың назарынан тыс қалып, қыруар қаржы жұмсалған нәтижесіз бастамалар қаншама. Жалпы бұл бағдарлама 6 бағыт, 17 жобадан тұратын. Бірақ халық көңілінен шыққаны аз.

"Әлемдегі қазақ мәдениеті деген жоба бар. Яғни қазақ әдебиетін, мәдениетін әлемге таныту. Ол жоба бойынша да бізде қаншама скандалдар болды. Мысалы Дулат Исабековтың, тағы да басқа авторлардың еңбегін испан тіліне гугл транслэйтпен аударған кездер де болды. Яғни, мемлекеттік тапсырыс бір емес, екі есе шығынға батты деген сөз. Және де оған жауапкершілік жүктелді ме, жүктелмеді ме, бізге ол анық емес. Осындай мысалдарды рухани жаңғыру бойынша санап айта беруге болады", - дейді дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт.

2017 жылы бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге, 2018 жылы 531 миллион теңге бөлінді. Ал 2020 жылы қаржысы екі есе қысқарып, 277 миллион жұмсалды. Екі жыл бұрын жобаның аты өзгеріп, 2025 жылға дейінгі бюджеті 119 миллиард теңге болады деп жоспарланған. Бағдарлама әкімшілер оның 78 миллиардын жұмсап үлгерді. Ал, нәтижесі қандай екенін ешкім білмейді.

"Бюджеттен ақша бөлінеді. Қаржы. Судың да сұрауы бар ғой. Оған жауап берілуі керек қой. Әр тиынына жауап беруі керек қой. Мынау қайда кетті, мынау қайда кетті. Сонда кейбір бағдарламалар халықтың ақшасын ұрлап жеудің сайманы сияқты әрекет жасайды", - дейді экономист Жанкелді Шымшықов.

Мамандар сәтті жобалардың жетекшісі марапатталып, сәтсіздері жауапқа тартылғанда ғана тиімділік артады,- дейді. Тек алдымен жұмыс нәтижесін өлшейтін құрал жасақтау керек. Оған халықаралық ұйымдардың тәжірибесін қолдануға болады дейді зерттеуші журналист Есенгүл Кәпқызы.

"Нақты индикатор қою керек. Оны қабылдап алатын тәуелсіз комиссия болуы керек. Ол тәуелсіз комиссия тағы да бармақ басты, көз қыстымен қабылдай салмауы керек те қазіргідей. Бір жүйесін қалыптастыру керек соның", - дейді журналист-зерттеуші Есенгүл Кәпқызы.

Яғни, Үкіметтің өзі жасаған бағдарлама туралы есепті өзі ғана тыңдауын тоқтату керек. Сонда ғана құмға сіңген судай жоғалған қаражат тың сұрауы болуы мүмкін, дейді сарапшылар.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу