Ол Дональд Трамп, Владимир Путин және Владимир Зеленский арасындағы Украинадағы соғыс бойынша бейбіт келіссөздерді Минскіде өткізе алатынын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
АҚШ блогері Марио Навфальға берген сұхбатында Лукашенко жоғарыда аталған үш елдің басшыларын өз отанына шақыруға дайын екенін жеткізген.
– Осы жерде тыныш, айқай-шусыз келіссөз жүргіземіз. Сондықтан Трампқа айтыңыз, мен оны осында Путин мен Зеленскиймен бірге күтемін. Отырып, сабырмен келісеміз. Әрине, сіздер келісімге келгілеріңіз келсе, – деді Лукашенко.
Сұхбат барысында Беларусь президенті Трампты жер-көкке сыйғызбай мақтады.
– Менің қазіргі Америка Құрама Штаттарының әкімшілігіне қатысты үлкен оптимизмім бар. Олар – мықты, Трамп та мықты. Ол Украинадағы және Таяу Шығыстағы соғысты тоқтатуға бағытталған қадамдар жасап жатыр. Бұл – сыртқы саясатта өте құнды. Меніңше, оның басты мақсаты – соғысты тоқтату. Керемет идея! – деді ол.
Сонымен қатар, Лукашенко соғысты тоқтату мен халықтың жағдайын жақсартуда Трамппен бірге әрекет етуге дайын. Оны сұхбат барысында айтты.
Киевтің бұл ұсынысқа сенімсіздікпен қарайтыны анық, өйткені Лукашенко 2022 жылдың ақпанында Путинге Украинаға толық масштабты басып кіру үшін Беларусь аумағын пайдалануға мүмкіндік берген болатын.
Шыны керек, Дональд Трамп әкімшілігінің Украинадағы соғысқа қатысты ұстанымы Киев пен Еуропаның көп бөлігін тығырыққа тіреп отыр.
Өткен аптада Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға барып, АҚШ-пен сирек кездесетін металдар жөнінде келісім жасасуға ниетті екенін білдірді.
Десе де, Ақ үйде оның АҚШ президентімен сөзге келіп қалып, шұғыл шығып кеткені әлемге тез тарады. Содан кейін АҚШ Украинаға әскери көмекті тоқтату туралы шешім қабылдады.
Сейсенбіде Зеленский X әлеуметтік желісіндегі жазба жариялап, атысты тоқтату туралы келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.
– Біз ешкімге бітпейтін соғыс қажет емес екенін түсінеміз. Украина берік бейбітшілік орнату үшін келіссөздер үстеліне мүмкіндігінше тезірек отыруға дайын. Бейбітшілікті украиналықтардан артық ешкім қаламайды. Мен және менің командам президент Трамптың мықты басшылығымен тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ол.