Білім және ғылым министрлігі аталған жұмысты "Professional development centre" компаниясына тапсырған көрінеді. Қазірдің өзінде Астана, Алматы мен Қарағанды қалаларында бас-аяғы 75 мектеп мұғалімі іріктеліп, ағылшын тілін меңгеруге кірісті. Олар химия, физика, биология мен информатика пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беруге үйренеді. Ол үшін әрбір пәннің терминдерін жаттап, өз ойын ағылшын тілінде жеткізуге тырысады.
"Professional development centre" департаментінің директоры Аида Оразаева тапсырыстың нақты сомасын ашқан жоқ. Алайда, оқуға түскен 75 мұғалімді 2,5 айдың ішінде ағылшынша еркін сөйлеуге, тіпті жазуға үйретіп шығамыз деп мәлімдейді.
"Осы уақыттың ішінде үш қалада білім алатын мұғалімдер күніне төрт жарым сағат ағылшын тілін үйренетін болады. Барлық сабақ тек сол тілде ғана өтеді. Пилоттық жоба үшін біз арнайы бағдарламаны даярлап шықтық. Мұғалімдер сол бағдарлама бойынша тіл үйренеді. Шыны керек, бастапқыда олардың тарапынан бір қоқыныш болды. Алайда қазіргі кезде олардың бойында кәдімгідей құлшыныс, тілді үйренемін деген ықылас анық байқалады", - дейді А. Оразаева.
Департамент басшысының сөзіне қарағанда, мұғалімдердің тізімін министрлік білім беру басқармаларының ұсынысы негізінде әзірледі. Олардың барлығы - химия, физика, биология мен информатика пәндерінің оқытушылары. Жас ерекшелігі – 30-50, тіпті зейнет жасына жеткен мұғалімдер де бар. Әзірше, олар ағылшын тілін білмейді. Желтоқсан айына дейін барлығы Starter, яғни бастапқы кезеңнен бастап, А1-А2-В1 сияқты сатылардан өтуі тиіс. Ал курстың соңында олардың дайындықтарын тәуелсіз мамандар бағалайды.