Қазақстанда ең үлкен атаулы жалақыны (241,7 мың теңге) университет қызметкерлері, ал ең төменгі атаулы жалақыны (92,5 мың теңге) балабақша тәрбиешілері алады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
2020 жылдың 4-тоқсанында (қазан, қараша, желтоқсан) білім беру саласында 1,1 млн адам жұмыс істеген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 0,3%-ға аз.
Білім беру саласында жұмыс істеп жүргендердің саны Нұр-Сұлтанда айтарлықтай өскен (бір жылда плюс 5,1%, салада жұмыс істейтіндердің саны 51,2 мың адамға артқан). Кейін тізімде Алматы және Қостанай облыстары тұр.
Шығыс Қазақстан облысында білім беру саласында жұмыс істейтендердің саны әжептәуір азайған: 68,4 мың адам немесе 8,6%.
Осы жылдың 4-тоқсанда білім беру саласы қызметкерлерінің орташа атаулы жалақысы 176,5 мың теңге болған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға артық. Инфляция деңгейін ескерсек, сала қызметкерлерінің сатып алу мүмкіндігі 17,3%-ға өскен.
Ең төменгі жалақыны (92,5 мың теңге) мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері алса, ең жоғарғы жалақы (241,7 мың теңге) жоғары білім беру саласындағы қызметкерлерге берілген.
Айта кетейік, 2020 жылдың 4-тоқсанында республика бойынша
бір қызметкердің орташа атаулы жалақысы 233,1 мың теңге болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артық.
Білім берудегі орташа атаулы жалақы республикалық деңгейдегі жалақыдан 56,7 мың теңгеге аз.
Бұл салада ең жоғары жалақыны елордадағы қызметкерлер алады: 297,8 мың теңге. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 21,2%-ға артық. Үздік үштікте Алматы және Қарағанды облыстары бар.
Ал Түркістан облысындағы білім беру саласының қызметкерлері ең
төменгі жалақы алады: 152,8 мың теңге (плюс 21,8%).