Елімізде инвестиция көлемі артқанымен, білім саласының көрсеткіші көңіл көншітпейді, деп хабарлайды abctv.kz.
2018 жылдың 7 айында негізгі капиталға 5,5 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы деңгейден 35,6%-ға немесе 1,4 трлн теңгеге артық. Жалпы, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш биыл тіркеліп отыр.
"Осы орайда білім саласына бағытталған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 16,4%-ға немесе 20,2 млрд теңгеге азайған. Көрсеткіш биыл 103,3 млрд теңгені құрады. Ал былтыр 123,5 млрд теңгеге тең болған еді. Білім саласының жалпы инвестициядағы үлесі де 3%-дан 1,9%-ға дейін кеміген", – деп жазды finprom.kz.
Астана қаласының білім саласына салынған инвестиция бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 38,1%-ға азайған. Соған қарамастан Астана қаласы білімге инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр. Жеті ай ішінде елордамыз бұл салаға 19,1 млрд теңге бағыттаған екен. Ал былтырғы көрсеткіш – 30,9 млрд теңге.
Алматы қаласы қаңтар-шілде аралығында білім саласына 13,7 млрд теңге бөлген екен. Бұл былтырғы көрсеткіштен (12,2 млрд теңге) 12,1%-ға жоғары.
Түркістан облысы білім саласының қажеттіліктеріне 11,2 млрд теңге бағыттап, инвестиция тарту көрсеткіші бойынша үштікті түйіндеді.
Ал Қостанай мен Батыс Қазақстан облыстары білім саласына инвестицияны тарту бойынша көш соңында қалып отыр. Қостанай бұл мақсатқа 834 млн теңге жұмсаса, Батыс Қазақстан облысы 1,6 млрд теңге бағыттаған.
Негізінен білім саласына қажетті қаржы жергілікті және республикалық бюджеттерден бөлінеді. Биылғы қаңтар-шілде аралығында жергілікті қазынадан 37 млрд теңге, республикалық бюджеттен 35,9 млрд теңге бөлінген. Бұл салаға бағытталған барлық инвестицияның 70,6%-ы.
Сондай-ақ бизнес өз қаржысынан 25,4 млрд теңге бөлген. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 39,3%-ға аз. Өткен жылы бизнес білім саласына 41,9 млрд теңге бөлген еді.
Фархат Әміренов