"Бір миллион адамға шаққанда тек 1 172 ғалым бар"

664

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, отандық ғылым саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 

"Бір миллион адамға шаққанда тек 1 172 ғалым бар"

"Елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Олардың 36%-ы – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар. Тағы 39%-ы – орта жастағылар, яғни айтарлықтай деңгейдегі әлеуеті бар ғалымдар. Алайда ғалымдардың жалпы санын алсақ, бір миллион адамға шаққанда тек 1 172 ғалым бар. Бұл, өз кезегінде, қаржыландыруға байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1%-ы көлемінде болуы керектігі айтылады және оның басым бөлігі жеке инвестициялардан қалыптасуы тиіс", – деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов.

Министрдің сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары ғылым саласында едәуір өзгерістерге қол жеткізілген. Ғылымды дамытуға арналған арнайы бағдарлама бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.

"Ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендеуі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Ғалымдарда тұрақты жалақы болмады. Жалақы үш жылда бір рет өткізілген конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда ғана төленетін", – деді Асхат Аймағамбетов.

Айтуынша, ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен, яғни тілге, әдебиетке, тарихқа, мәдениетке, философияға қатысты зерттеулермен айналысатын институттардың жағдайы мүлде қиын болған. 

"Қабылданған шаралардың арқасында енді 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және лайықты жалақы алатын болады. Егер 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені немесе нарықтағы орташа жалақының 72%-ын құраса, 2022 жылы төменгі жалақы 257 мың теңгеден басталатын болды. Ғалымдарды ыңталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде жыл сайынғы 50 "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығын да бере бастадық", – деді министр үкімет отырысы барысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу