Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Қоғамда және сарапшылар арасында Сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жан-жақты талқыланғанын білесіздер. Мемлекет басшысы осы мәселені шешу үшін нақты тапсырма берді. Осы орайда депутаттар арнайы заң әзірледі. Заңда газды зауыттан тұтынушыға дейін жеткізудің ашық жүйесі жасалады", – деді спикер.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудағы кемшіліктер жойылды.
Енді, жаңа заң бойынша, басқару нысанын тұрғындардың өзі таңдай алады: КСК-ны қалдыра ма, ОСИ-ді таңдай ма – оны өздері шешеді.
Депутаттар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері жөніндегі заңға да бастамашылық етті.
"Заң жобасы қоғамда қызу талқыланды.
Сондықтан онда үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қоғамдастығының, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың пікірі барынша ескерілді", – деді Қошанов.
Электр самокаттар қолданысы қоғамда үлкен мәселеге айналып отыр.
Олардың жүрісін реттеу жөніндегі түзетулер Парламентте кең талқыланды.
Ең бастысы, депутаттар қабылдаған заң жаяу жүргіншілердің де, самокат жүргізушілерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
"Сонымен бірге, бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағын зерттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілді жайттың бірі еді. Бүгінде бұл мәселе заңнамалық деңгейде шешімін тапты. Заң нормалары полигонның аумағын қауіпсіз күйге келтіріп, халықты радиациядан қорғауға жол ашады", – деді Мәжіліс төрағасы.
Осы сессияда кәсіптік біліктілік туралы заңмен жұмыс аяқталды.
Заң Ұлттық біліктілік жүйесінің барлық элементтерін реттейді.
Мәселен, кәсіптік біліктілікті дәлелдеу арқылы түрлі қызметпен айналысуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.