Бұл туралы Премьер-министр Үкімет отырысында айтты.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мемлекеттік деңгейде, сондай-ақ қоғамның тарапынан да кешенді тәсілдерді талап етеді. Биылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер енгізілді.
Тамыз айынан бастап өңірлерде тиісті Жол картасы іске асырылып келеді.
Жалпы қазірдің өзінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады.
Дегенмен, бұл мәселеде жағдай әлі де күрделі. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша полицияға 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Әкімшілік қамауға алынғандардың саны 2 есеге көбейді", – деді Смайылов.
Өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылды.
Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Алайда, бұл орталықтардың қатары жеткіліксіз. 3 жыл ішінде қосымша осындай 97 орталық ашу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
"Сонымен қатар, орталықтарды тиісті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін де шешу қажет. Талдау нәтижесі көрсеткендей, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың жартысы мас күйде жасалады. Ішімдік ішкен бұзақылар үшін Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары мен Әкімшілік қамауға алынғандарды арнайы қабылдау орындары жұмыс істейді.
Бірақ, онда да орын тапшылығы бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл ретте, "Жедел желі" мен сенім телефондарының мүмкіндігін кеңейту қажет", – деді спикер.