Қазақстандық шаруалар жұмыртқа өндіру саласындағы субсидия санын қысқартуға қарсы екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы 47 субсидия түрін 20-ға дейін қысқарту керек деп ұсыныс жасаған.
Министр Ербол Қарашөкеевтің пікірінше, субсидияның санынан гөрі оның шаруаларға қолжетімділігі маңызды.
Бірақ отандық шаруалар мұнымен келіспейді. Олар субсидия азайса, сала шығанға батады деген пікірде.
Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының өкілі Аман Серікұлы субсидиялардың алынып тасталуы ауыр соққы болатынын айтады.
"Жұмыртқаны субсидиялауды алып тастау құс фабрикаларының табысының азаюуына әкеледі. Пайда таппай, жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан өндірушілер жұмыртқа бағасын көтеруге мәжбүр болады. Бірақ қазір Қазақстанда жұмыртқа ішкі нарықта тұтынылатын көлемнен әлдеқайда көп өндіріледі. Ұсыныс сұраныстан асып кеткен жағдайда бағаны көтеру мүмкін емес. Сондықтан фабрикалар банкрот болмас үшін өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр боламыз", – деді қауымдастық өкілі.
Кәсіпкер Сапарғали Әбдірайымов құс фабрикасы тек шығынмен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
"Субсидияны алып бидайға берейік дейді. Онымен ештеңе өзгермейді. Біз алатын субсидия – бір жұмыртқаға 3 теңге. Жаңа жыл алдында министрлік бізге жұмыртқаны 32 теңгеден қойсаңдар 3 теңге субсидия береміз, сонда шығындалып жұмыс істемейсіңдер деді. Бүкіл фабрика келісіп, өнімді сол бағаға түсірдік. Оның үстіне монополияға қарсы орган 32 теңгеден жоғары болмасын деген шарт қойды. Әрі қарай келісілген шарт жүзеге аспады. Қазір бірінші санаттағы жұмыртқаны 25 теңдеген сатып жатырмыз. Ал бір жұмыртқаның фабрикадағы өзіндік құны қосалқы құн салығын қоса алғанда – 36-37 теңге. Пайда жоқ, тек шығын", – деді "Ақкөл Құс" ЖШС басшысы.
Ол жұмыртқаның қымбаттауына өндірушілер себепші емес екенін, қадағалаушы органдар фабрикаларды емес алыпсатарлар мен саудагерлерді тексеруі керек деп есептейді.
Бүгінде құс фабрикалары 2022 жылғы өндірістік жоспарларын қайта қарап жатыр. Жыл басынан бері елдегі әр үшінші құс фабрикасы амалсыздан құстарды соя бастаған. Бұған соңғы 3 айда жұмыртқаның көтерме бағасы 30%-ға (37 теңгеден 26 теңгеге дейін) арзандауы әсер еткен, ал өзіндік құны – 30-35 теңгеге аралығында.
Қарағанды облысында құс өсіретін кәсіпкер Валерия Семенова жұмыртқаны өзіндік құнынан да арзанға сатып жатқанын атап өтті. Ол субсидияның азаюына қарсы.
Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божконың айтуынша, биыл жұмыртқалайтын тауықтар санын 10-20% қысқарту 300-600 жұмыс орнының қысқаруына және өндірістің 200-400 млн дана жұмыртқаға төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл тұтынушылардың қалтасына да әсер етпей қоймайды. Жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының бағалауынша жұмыртқа 10-30%-ға қымбаттауы ықтимал.
Сондай-ақ соңғы 2 жылда жұмыртқа өндіретін 35 құс фабрикасының төртеуі жабылған. Төрт облыста 500 астам адам жұмысынан айырылған. Құс фабрикаларының жұмыртқа өндірісі 2019 жылы 4,3 млрд дана болса, 2021 жылы 3,5 млрд данаға дейін төмендеген.