Биыл "Нұрлы жер" бойынша салынатын арендалық пәтерлердің саны белгілі болды

862

Биыл "Нұрлы жер" бойынша салынатын арендалық пәтерлердің саны белгілі болды

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша есеп берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің айтуынша, бүгінде әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды арендалық пәтерлермен қамтамасыз ету үшін жыл сайын 25 млрд теңге бөлінеді. Қаржы барлық аймақтарға тең таратылады.

"Аталған бағытта өткен жылы барлық аймақтарда 5 391 пәтердің құрылысы басталған болатын. Соның ішінде 2 620 пәтер пайдалануға берілді. Осы орайда Қарағанды облысының тиісті жоспарды орындамағанын атап өткен жөн. Жалпы, былтыр өңірлерге бөлінген 25 млрд теңгенің 24,8 млрд теңгесі  игерілді", – деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің сөзінше, биыл 3 507 арендалық пәтерді салу жоспарланған. "Алайда 2018 жылдың жоспарын ұсынғанда Маңғыстау облысы барлық құжаттарды тапсырған жоқ", – деді Жеңіс Қасымбек. 

Айта кетейік, министрліктің жоспарына сәйкес, 15 жылда 40 мың арендалық баспана пайдалануға беріледі. Ол үйлердің орташа ауданы 50-60 шаршы метр болады. Аталған баспана алдымен мүгедектер мен жетімдерге таратылады. Пәтерді жалға алу құны да қымбат емес. Бір шаршы метрі үшін айына 100 теңгеден шығады. Сонда бір пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, айлық жалға алу құны 5 000 теңге шамасында болады. Дегенмен, ол ақша тек пәтерді жалға алу ақысы ғана екенін ұмытпау қажет. Оның сыртында коммуналдық төлемдер тағы бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу