Бизнеске 6%-дық несие беріледі

1791

Несие шілде айынан бастап беріледі .  

Бизнеске 6%-дық несие беріледі

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов карантин кезінде әлсіреген экономиканы қайта қалпына келтіру үшін арзан несие беру маңызды екенін айтты. Ол үшін кепілзаттың жеткіліксіздігі мәселесі де шешілуде.

"Биылғы жылдың соңына дейінгі экономикалық өсімді қалпына келтіру тек салықтық ынталандыру ғана емес, сатып алулардағы қазақстандық құрамның болуын арттыру, кейбір шектеулерді алып тастау, несиелеуді кеңейту, бюджеттік шығындарды көбейту және басқа да көптеген шараны қамтиды. Менің ойымша, несиенің қол жетімді болуы және несие алу үшін кепілзаттың жеткіліксіздігі мәселесін шешу – басты жетістік. Сол себепті, кешенді жоспар аясында шағын және орта бизнес өкілдеріне микронесие беру қарастырылуда", – деген Руслан Дәленов ШОБ өкілдеріне мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын несие берілетінін мәлім етті.

"Қаржыландыру тетіктері "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы арқылы жүзеге асады. Бұл бағыт бойынша бизнес 6%-дан несие алады. Несиелерді екінші деңгейлі банктер береді. Соңғы мөлшерлеме 6%-дан аспауы үшін республикалық бюджеттен көмекқаржы бөлінеді. Бұл кәсіпкерлер үшін мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Айналымдық қаражатын толтыру үшін 5 млн теңгеге, өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін алуға болады. Қазіргі несиенің пайызы жоғары болғандықтан, несие берудің бұл түрі жоғары сұранысқа ие. Кепілзат жеткіліксіз болса, мемлекет кепіл болады", – деді министр.

Руслан Дәленовтің айтуынша, жобаларды қарастыру келісім арқылы жеңілдетілген түрде жүргізіледі. Негізгі берешектің кепілін "Даму" қоры 85%-ға дейін қамтамасыз етеді.  

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу