"Бизнесті қорғауға міндеттіміз"

1464

Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

"Бизнесті қорғауға міндеттіміз"

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Kazakh Invest және мемлекеттік орган өкілдері "Protecting Business and Investments" жобасы жұмысын талқылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің сөзінше, мемлекет басшылығының жақсы тапсырмалары жергілікті жерлерде дұрыс орындамауы кесірінен, кәсіпкерлер үлкен мәселелерге кез болуда. 

"Бизнес өкілдері мемлекеттік қызметшіге барып көмек сұрап жатады. Парадигма керісінше болуға тиіс – біз бизнеске барып, кәсіпкерлердің жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындарын ашуын сұрауымыз керек. Мемлекет ең алдымен – қызмет көрсетуші. Біз түсінігімізді түбегейлі өзгертуіміз қажет. Халық мемлекеттік қызметшілерді өзіне қызмет етуі үшін жалдайды. Яғни біз халықтың, соның ішінде кәсіпкерлердің қызметшісіміз. Президент жолдауында бизнесті қорғауға баса назар аударылды. Пандемия салдарынан қиындыққа душар болған бизнес қазір мемлекеттің қолдауына ерекше зәру. Бизнес пен инвестицияны қорғауға арналған "Protecting Business and Investments" жобасы 2018 жылы басталған болатын. Инвестицияның жалпы сомасы 13 трлн теңгеден асатын 500-ден астам жобаға қазір антикоррупциялық қолдау көрсетіліп отыр. Ол жобалардың әр екіншісі өндіріске, әр бесіншісі ауыл шаруашылығына, әр оныншысы құрылыс саласына қатысты. Қазір қолдауды қажет еткен бизнестің басқа салаларына да көмектесіп жатырмыз. Табысты кейстер өте көп, дегенмен проблемалар да жоқ емес. Біз кәсіпкерлерге нақты іспен күнделікті көмектесуіміз керек әрі бизнес пен инвестицияны қорғауға міндеттіміз", – деген Олжас Бектенов кәсіпкерлердің құқықтарын бұзған мемлекеттік органдар өкілдерін, агенттік қылмыстық жауапкершілікке тартатынын ескертті.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов "Protecting Business and Investments" жобасы ерекше бақылауда екенін айтты. 

"Кәсіпкер проблемасын шеше алмаған кезде, шыдамы шегіне жетіп, біздің өңірлік органдарға жүгінеді. Әріптестеріміз ол кезде, былайша айтқанда – өрт сөндіруіне тура келеді. Меніңше, мұндай жағдайдың алдын алып, белсенділік танытуымыз керек. Мәселені шарықтау шегіне жеткізбеу үшін кәсіпкерлермен үнемі байланыста болуымыз қажет. Мысалы, кері байланыс орнату үшін оларға анкета таратып, мәселені біліп, алдын алып отырған жөн. Осылайша, клиентке бағдарланған тәсіл жүзеге асып, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесе отырып әрекет ету деңгейі арта түседі", – деді кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу