БҚО-да 200-ге жуық жетім бала пәтер кезегінде тұр

1085

Ал "Шаңырақ" жасөспірімдер үйі лық толы.

БҚО-да 200-ге жуық жетім бала пәтер кезегінде тұр

Батыс Қазақстан облысында соңғы 20 жылда төрт жүздей ата-ана қамқорлығынсыз өскен балаға пәтер берілген. Оның ішінде, 98 бала соңғы үш жылда баспаналы болыпты. Алайда кезекте тұрғандары қарасы әлі де қалың, деп жазды inbusiness.kz  тілшісі. 

Орал қаласындағы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің түлектері өздеріне тиесілі баспаналарының берілуін сұрап, мәселені осымен бірнеше мәрте көтерді. Белгілі болғандай, олар аталған мекемеде 23 жасқа дейін ғана тұруы тиіс. Алайда одан кейін де жетім өскен балалардың баратын жер, басар тауы болмайды. Осы жасқа дейін отбасын құрып, балалы-шағалы болатындары бар. Жасөспірімдер үйі сол себепті түлектерін көшеге шығарып жібермей, заңсыз болса да тұратын орнымен қамтамасыз етуге мәжбүр. Қазіргі күні 74 адамға арналған ғимаратта екі жүздей адам тұрады екен, олардың барлығын сыйғызу үшін ішіндегі бос орынның бәрін адам тұратындай қылып бейімдеп жіберген.

Облыстық әкімдіктің дерегінше, жыл сайын берілетін әлеуметтік пәтерлердің 20 пайызы осы балаларға тиесілі. Соңғы 20 жылда бұл категория бойынша 400-ге жуық адам баспаналы болған. Тағы 4 адам өзінің жинағын салу арқылы пәтерге ол жеткізіпті. Қазіргі күні тұрғын үй кезегінде "жетім бала" санатындағы 1 864 адам тұр екен. 2022 жылы олардың 20-сы ғана пәтер алмақ. 

Желтоқсан айының басында проблеманы көтеріп, ел президентіне хат жазған "Шаңырақ" түлектерінің жай-күйі Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевпен өткен брифингте де қойылды. Аймақ әкімінің айтуынша, олардың барлығына бірдей баспана беру мүмкін емес, өйткені, басқа да әлеуметтік топтар бар. Мәселен, жалға берілетін пәтерлердің 50 пайызы көп балалы аналарға тиесілі. Әлеуметтік мәселелерді шешуге облыс бюджетінің 5 пайызына дейін бөлініп отыр. 

"Бұл жағдайды шешу үшін біз бірінші кезекте жұмыс істеп жүрген немесе жұмыс істеп, оқуға ниетті азаматтарды анықтаймыз. Жұмыссыз болған жағдайда жұмыс табуға және оқуға көмектесеміз. Оларға "Отбасы" банкпен бірлесіп, пәтер алуға мүмкіндік жасағымыз келеді. Егер жағдайлары келетін болса, "Отбасы" банкпен бірлесіп мөлшерлемесі төмен ипотека алуға жағдай жасаймыз", – деді Ғ. Есқалиев.

Мұндай жағдайда оларды жылына 50 пәтермен қамтып отыруға мүмкіндік бар екен.

Қазіргі күні әкімнің жауабына пікір білдірушілер қатары екіге бөлінгені байқалады. Олардың біріншісі жетім өскен балалар мемлекеттен тиесілі пәтерін тегін алуы керек десе, екіншілері олардың "алма піс, аузыма түс" деп отырмай, өкімет тарапынан төленген қаражатын жинап, баспаналы болуға өз бетінше әрекет еткенінен еш оғаштық көрмейді. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу