Батыс Қазақстан облысында бірқатар білім беру ұйымына белгілі тұлғалардың есімі берілді. Қазіргі күні бұл жөнінде үкімет қаулысы қабылданған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Атап айтқанда, БҚО дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия-интернаты Абай атын иеленіп, Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебі – Қадыр Мырза Әлі, Первосоветск жалпы орта білім беретін мектебі – Шоқан Уәлиханов, Щапов жалпы орта білім беретін мектебі – Бауыржан Момышұлы, Батурин жалпы орта білім беретін мектебі – Талғат Бигелдинов, Новенький жалпы орта білім беретін мектебі – Қасым Қайсенов, Ульянов жалпы орта білім беретін мектебі – Ілияс Есенберлин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп деп аталатын болды.
Сонымен қатар, Шыңғырлау ауданындағы Белогор негізгі мектебі Ақтау ауылының негізгі білім беретін орта мектебі, Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы Ардақ ауылының негізгі білім беретін орта мектеп-балабақшасы болып өзгертілген.
"Қазір Қаратөбе ауданындағы екі мектепті Ғарифолла Құрманғалиев пен академик Қажым Жұмалиевтің есімімен атау туралы ұсыныс түсті. Орал қаласында Бауыржан Момышұлы мен Қадыр Мырза Әлі есімін сұрап отырған мектептер бар. Қазір құжаттары қатталып, тиісті рәсімдері жасалып жатыр", - дейді Батыс Қазақтан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ізбасар Жұмағали.
Алайда Трекино, Володарское, Новенький аталатын елді мекендердің атауын өзгерту мәселесі кейінге қалдырылған. Мұның ішінде селолық округ болып саналатын Трекиноға Жерұйық, Байқоныс, Исатай батыр, Ихсанов, Қадыр Мырза Әлі деген атаулар ұсынылып отыр.
Бұған дейін ауылдың кей тұрғындары Трекино атауын өзгертуге қарсы шыққан. Алайда халықтың басым бөлігі ешқандай мағына бермейтін есімдерді ауыстыру керек деген пікірде. Мәселен, Трекин деген адамның шыққан тегі болуы мүмкін, ал оның кім екені, бұл өңірге қандай қатысы бары беймағлұм. Өкінішке қарай, елдімекендердің атын өзгертуге тиіс жиналыс халықтың қажетті пайыздан аз жиналуы себепті әзірге өтпей қалған.
Құралай Қуатова