БҚО-да биыл сыбайлас жемқорлық бойынша 25 адам сотталған

602

Ең көп көрсеткіш құқық қорғау органдарына тиесілі.  

БҚО-да биыл сыбайлас жемқорлық бойынша 25 адам сотталған

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін 25 адам сотталған, оның ішінде 11 пара алу және 11 пара беру дерегі тіркелген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған лауазымды адамдардың ең көп көрсеткіші -  құқық қорғау органдарының еншісінде.
Бұл жөнінде 2020 жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет баяндайды. 

"Аталған мерзім ішінде 34 мемлекеттік қызметкер өз тарапынан тәртіптік құқық бұзушылыққа жол берді. Атап айтсақ, олар шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға заңсыз артықшылықтар беріп, өзінің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүддесіне байланысты мәселелерді шешу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланған. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 18 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 16 адам лауазымынан босатылды", – дейді Нұрдәулет Сәмет.

Жемқорлық қылмысына байланысты биыл облыста елең еткізген екі дерек тіркелді. Оның біріншісінде Арыс қаласын қалпына келтіруге бөлінген 50 млн теңге қаражатты жеп қойды деген күдікпен БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұхамбетқалиев күдіктеліп, қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қаралуда. 

Бұдан бөлек, БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шауенов те бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Оған аймақтағы су қорын бекіту үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған тендерден 199,5 млн теңге жымқырды деген айып тағылған. Алайда, мемлекеттік қызметшінің өзі бүгінгі күні жұмысын атқарып жатыр және бұл ақпаратпен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша, мердігерлердің бірі байқаудың әділетсіз өткенін айтып, сыбайлас жемқорлық қызметіне шағымданған кейін тексеру басталған. Ал мекеменің соңғы екі жылдағы қызметін тексерген мемлекеттік аудит департаменті 540 ұңғыманың 220-сы бұрғыланбаған деген қорытындыға келеді. Тексерушілер ұңғымалардың нақты орналасқан жерлерін сұрамастан шешім шығарды деген Ринат Шауенов аудит нәтижелерімен келіспей отырғандарын айтады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу