БҚО-да биылғы жылыту маусымында 172 өрт тіркелген

857

Өрттің шығуына көбінесе адам факторы себеп болады.

БҚО-да биылғы жылыту маусымында 172 өрт тіркелген Фото: inbusiness.kz

БҚО-да халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін өрттен қауіпсіз жағдайға келтіру үшін үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер тартылса дұрыс болар еді. Олар осы шараға байланысты әлеуметтік тапсырыс негізінде жобалар мен гранттар ұтып алған болар еді. Бұл жөнінде БҚО төтенше жағдайлар департаменті өткізген брифингте айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Белгілі болғандай, Батыс Қазақстан облысының аумағында 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымының басынан бастап 172 өрт тіркелген, тілсіз жаудың салдарынан 6 адам көз жұмып, 7 адам әртүрлі күйік алған. Жылыту маусымы басталғалы облыстың өртке қарсы қызмет бөлімшелері өрттен 7 адамды құтқарған, оның ішінде 3 бала, сондай-ақ, 9 млн 355 мың теңге сомасындағы материалдық құндылықтар құтқарылыпты.

Халықтың тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамауы тұрғын үй секторында өрттердің туындауына негізгі себеп болып отыр, нақтырақ айтсақ, 82,5 пайыз жағдайда өрт отты абайсыз пайдаланудан, балалардың тентектігі мен басқа да әрекеттерден, 17,4 жағдайда электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзудан пайда болған.  

"Қазіргі күні тұрғын үйлер мен пәтерлерде синтетикалық материалдар мен тұрмыстық техника бұйымдары көп кездеседі. Мұның өзі өрт қауіпсіздігін арттыра түседі, себебі, синтетикалық материалдар өрт қаупін арттырып қана қоймай, жанған кезде жан-жағына улы газ бөліп, адамдардың өмірі мен денсаулығына көп зиянын тигізеді", - дейді БҚО ТЖ департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев.

Сонымен қатар, төтенше жағдайдың алдын алудың бірден бір жолы – табиғи газ датчиктерін орнату. Олардың артықшылығы - түтін немесе газ анықталған кезде жүйеде газ беруді жауып, сонымен бір мезгілде 101 кезекші-диспетчерлік пультіне сигнал және үй иелерінің ұялы нөмірлеріне смс-хабарламалар жібереді.

"ҚазТрансГазАймақ" АҚ БҚФ ақпараты бойынша жылыту кезеңінің басынан бастап газбен жабдықтау жүйесін пайдалануға беру кезінде үй иелері 7949 табиғи газ датчиктерін орнатқан.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу