БҚО-да бұралқы жануарлар проблемасы шешілді

1062

Олар жоғары оқу орны базасында залалсыздандырылмақ. 

БҚО-да бұралқы жануарлар проблемасы шешілді

БҚО-да қаңғыбас жануарлар мәселесі ақыры шешімін тапқандай. Қазіргі күні бұралқы ит-мысықтарды аулау үшін қалалық ветеринарлық стансамен келісімшарт жасалған. Бұдан бөлек, оларды биозарарсыздандырумен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті айналыспақ. Оқу орны базасында "Жәрдем-Вет" оқу-ғылыми өндірістік орталығының және бұл жұмысқа студенттерді де тарту мүмкіндігінің болуы оған айтарлықтай басымдық берген. Университеттегі питомникте 75 ит-мысық ұстайтын орын бар. 

"Жыл соңына дейін облыс бойынша үш мыңнан астам иесіз жануар ауланады. Оның ішінде, Орал қаласының өзінде бұралқы ит-мысық саны жеті жүзге жетіп қалуы керек. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 35 454  мың теңге қарастырылған. Жануарлар зарарсыздандырылып, егілген соң босатылады. Ал ішінде адамға қауіпті, құтырғандары болса – көзі жойылады", – деп түсіндірді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Ташимов. 

Әрі қарай нақтылай кетсек, бір басты аулау үшін 2600 теңге, зарарсыздандыру үшін жануардың жынысына қарай 11 мың теңге жұмсалады. Сондай-ақ, әрбір ит пен мысыққа чип енгізіліп, олардың ортақ базасы жасақталмақ. Бұдан кейін қайтара қолға түскен жануардың жағдайы чипі арқылы тексеріледі. 

Айта кетейік, облыста қаңғыбас ит-мысықтардың көбейіп, үйір-үйірімен жүретін иттердің адамдарды, соның ішінде балаларды қауып алу дерегінің жиілеуі тұрғындардың ренішін тудырған. Қалалық әкімдік үш жылға 188,7 млн теңгеге тендер жариялағанмен, одан жеңімпаз деп табылған "ҚарашығанақПромСервис" ЖШС жеме-жемге келгенде бұл жұмыстан бас тартқан еді. Белгілі болғандай, компанияның жануарларды жинап, уақытша ұстайтын питомнигі елдімекенге тым жақын орналасқандықтан, онда тұратын халық наразы болыпты.  

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу