БҚО-да құс тұмауы тіркелген жоқ. Бірақ "сақтансаң сақтаймын" дегенді ұстанып, алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі күні оған қарсы екпенің 115 мың дозасы сатып алынған. Одан бөлек, Ресейдің Омбы облысында құс тұмауының тіркелуіне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен өңірдегі фабрика құстарын егу үшін қосымша тағы да 80 мың дана сұралып отыр.
Батыс Қазақстан облысында 1 қыркүйектегі ресми мәліметке сәйкес, 1 млн, 600 мыңнан астам құс бар.
Облыста құс өсірумен "Жайық құс", "Ақас" агрофирмасы" және "Орал құс фабрикасы" ЖШС-лары айналысады. Бұлардың біреуі Орал қаласында және екеуі Бәйтерек ауданында орналасқан.
Белгілі болғандай, құс тұмауы жабайы немесе үй құстарынан адамға жұққанмен, адамнан-адамға жұққан дерегі әзірге тіркелмеген. Ол ауру құсты сойып, етіп өңдеген кезде, құс базарына барғанда жұғуы мүмкін. Дерт ауа арқылы тарайтындықтан, өлген құсқа жақындамау керек. Соның ішінде, балаларды қанаттыларға мүмкіндігінше жақындатпаған жөн.
"Ауру тез асқынып, ауыр өтеді, вирусты пневмония мен ішкі органдардың асқынуына соқтыруы мүмкін. Белгілері көптеген ауруға ұқсас: адамның іші өтіп, қызуы көтеріледі, құсып, іші мен кеуде тұсы ауырады, конъюктивит болып, мұрны мен қызыл иегінен қан ағады", – деп сипаттайды БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қабылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Сондай-ақ, құс ұстайтын жеке тұлғаларға да талаптар күшейтіліп отыр. Олар үй құстарын жабайы, соның ішінде, суда жүзетін құстарға қоспауы, олардан шамамен бес шақырымдай қашықтықта ұстауы, құс ауырып, өлген жағдайда дереу ветеринарға хабарлауы, құс етіп, жұмыртқаны тамаққа пайдаланар алдында жақсылап жууға тиіс.
Сонымен қатар, аймақта, құс тұмауы пайда болған жағдайда қаңқаларды жағуға арналған ескі пештер қалпына келтірілмек екен. Ал дезинфекциялық және профилактикалық жұмыстар үшін арнайы отрядтар құрылмақ.
Құралай Қуатова