БҚО-да мал санында сәйкессіздік бар

2547

Тұрғындарға малды уақытылы есепке алу мен шығарудың қажеттілігі түсіндіріліп жатыр. 

БҚО-да мал санында сәйкессіздік бар

Батыс Қазақстан облысында жүргізілген мал санағы ресми органдардың мәліметтерінде азды-көпті алшақтық барын көрсетті. Мұны БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов те жасырмады,  деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Атап айтқанда, биыл қаңтар-ақпан айларында жүргізілген мал санағының жалпы қорытындысы бойынша облыста 649 171 бас ірі қара, 1 185 842 бас ұсақ мал, 219 976 бас жылқы және 2 303 бас түйе бар екендігі анықталған. Алайда аймақтар бойынша ауыл шаруашылығы малын идентификациялау базасындағы мәліметтер басқаша: оған сүйенсек, ірі қара бұл көрсетілгеннен 9649, ұсақ жандық 983, жылқы 17 840, түйе 132-ге кем. 

Ал мал санағы мен ресми статистикалық ақпарат арасындағы айырмашылық 1 790 бас ірі қараны, 1 614 бас ұсақ малды, 2 568 жылқы мен 3 түйені құрайды. Бұл айырмашылық пайызға шыққанда көп көрінбегенмен, сандардың бір-бірімен сәйкес келмеуі саланың олқылығын көрсетіп, жалпы жұмысына кедергі келтіреді. Бір жақсысы, өңірде мал санағының қорытындысы бойынша Бөкей ордасы, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала және Шыңғырлау аудандарындағы мал басы ресми статистикалық ақпаратпен бірдей болып шыққан.

"Аудан әкімдіктерінің берген жауаптарына сәйкес аталған айырмашылықтар ауыл шаруашылығы жануарларының толық бірдейлендірілмеуі, мал иелерінің өз қажеттілігіне сойылған ауыл шаруашылығы жануарларын "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі" дерекқоры (АШЖБ) мен мен әкімдіктің шаруашылық кітабынан шығармауы және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде тіркелген мал басының жеке тұлғаның атында да, электрондық кітапта да тіркеліп, қайталануы салдарынан болып отыр", – деп түсіндіреді Серік Нұрмағамбетов. 

Белгілі болғандай, қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер мен ветеринариялық станса мамандары мал басын уақытында тіркеп, дер кезінде есептен шығару керектігін тұрғындарға түсіндіруде. "Мал өзімдікі" дегенмен, оның да есепте тұруы керектігін естен шығаруға болмайды. Ветеринария саласында малға сырға салуда, екпе егуде, қаражат бөлуде, басқа да жұмыстардың барлығында оның барлық дерек көзіндегі санының бірдей болуы ескеріледі. Өкінішке қарай, қазіргі күні бұл тек бір облысқа ғана қатысты мәселе болып отырған жоқ. Осыған байланысты Атырау облысындағы ахуал жөнінде өткен жылы жазған болатынбыз

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу