Атырау облысындағы мал басының нақты саны белгісіз

1666

Оның есебін жүргізетін мекемелердегі сандар әртүрлі "сөйлейді".

Атырау облысындағы мал басының нақты саны белгісіз

Атырау облысы Құрманғазы аудандық ветеринариялық стансасын бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жазасын өтеген лауазымды тұлға басқарып келіпті. Биылғы 24 ақпанда ветеринария басқармасы басшысының бұйрығымен бұл қызметке А.Бірғалиев тағайындалған. Ал ресми мәліметке сәйкес, ол Құрманғазы аудандық сотының 1999 жылғы 10 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің пара алу жөніндегі 311 бабы бойынша алты айға бас бостандығынан айыруға сотталыпты. Бұл дерек ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің аймақтың ветеринария саласында сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдауы кезінде анықталды.

Салада жүргізілген аудиттік тексеру одан басқа да көптеген заңға қайшы әрекеттерді жарыққа шығарды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуы бағытында кемшіліктерге жол берілген. Мақат, Құрманғазы аудандық ветеринария бөлімдері мен аудандық ветеринария стансаларына жүргізілген тексеру 8 953,3 мың теңге қаржының дұрыс жұмсалмағанын және 76,4 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғанын анықтады. 

Өз кезегінде, ветеринариялық қызметті жүзеге асыратын мекемелердің  басқа мемлекеттік органдармен өзара үйлесімді жұмыс жасай алмауы да осындай өрескелдікке әкеп соққан. Айталық, ауылшаруашылығы басқармасының, статистика департаментінің, сондай-ақ, ветеринария басқармасының деректер базасындағы мал саны туралы мәліметтер бір-бірімен сәйкес келмейтін болып шықты. Ал мал басының нақты саны - ветеринария саласына бюджет қаражатын бөлу кезінде тікелей ескерілетін фактор болып табылады. 

Бір ғана мысал, бірдейлендіру қызметі мен эпизотия бойынша іс-шараларға бөлінетін қаражат сомасы мал саны неғұрлым көп болса соншалықты көбірек бөлінеді. Әрі қарай тарқатсақ, 2019 жылы бірдейлендіру қызметі бойынша әрбір мүйізді ірі қара малына сырға құны 92 теңге 50 тиын болса, қой-ешкілерге 37 теңге 46 тиын, түйе малына 92 теңге 80 тиын болған. Сәйкесінше, тек ірі қара малын сырғалау үшін статистикалық деректерде көрсетілген мәліметтер бойынша -16 043,6 мың теңге, жануарларды бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы мәліметтер бойынша -17 137,4 мың теңге қаражат қажет немесе айырмашылық 1 091,0 мың көлемінде артығымен бөліну керек. Бұл дерек тек қана мүйізді ірі қара мал бойынша тек бір жылдың және бір ғана өңірдің мәліметі екенін ескеретін болсақ, республика көлемінде мал санының айырмашылығы миллиондаған бюджет қаражатының артық жұмсалуына әкеліп соғатыны айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ, жануарлардың аса қауіпті аурулардың алдын алу жұмыстарын уақытында жүргізбеу салдарынан да жыл сайын бөлінетін бюджет қаражаты азаймай отырған көрінеді. Ауру мал иелеріне жергілікті бюджет есебінен 2017 жылы - 32 167,0 мың теңге, 2018 жылы - 43 951, 5 мың теңге, 2019 жылы - 77 456,0 мың теңге өтемақы төленген. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ветеринария саласындағы тексеруі оның жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық актілердегі әлі күнге жойылмаған қарама-қайшы нормаларды да анықтады. Атап айтқанда, Кодекстің 703 бабының 3 тармағында: "ветеринария саласындағы уәкiлеттi органның лауазымды адамдары өткiзу орындарында, темiржол, су және әуе көлiгiнде, жолдарда және мал айдайтын күре жолдарда, мемлекеттiк шекарада осы саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалардан айыппұлды сол жерде ала алады" – деп жазылған. Алайда, бұл жағдай лауазымды тұлғаның тікелей сыбайлас жемқорлық әрекетін жасауына мүмкіндік беретін норма болып табылады. Өйткені, біріншіден заңнамада көрсетілген орындарда айыппұлдың алынғанын растайтын мүмкіндіктер болмаса, екіншіден, ветеринария саласының лауазымды тұлғаларының функцияларында ақша операцияларымен айналысу, айыппұл өндіру құзыреті белгіленбеген.

Аса қауіпті індеттердің алдын-алу кезіндегі шаралардың бірі  - жергілікті жердегі мал өнімдерін өңдеу кәсіпорындарында санитариялық союды және қайта өңдеуді ұйымдастыру жұмысы. Өкінішке қарай, бұл жұмыста да тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететін кедергілер бар. Нақтылай кетсек, ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында мал иесінен алынған әрбір ауру мал құнының 30 пайызы мөлшерінде өтеу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады, ал қалған бөлігін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты қайта өңдейтін кәсіпкерлер төлейді деп көрсетілген. Алайда, іс жүзінде ет өңдеу кәсіпкерлік субъектілері аталған шартты толық орындамайды. Іс жүзінде олардың қолдағы малдың құнын нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағаға сатып алатыны белгілі. Ауру малдың иесі көп жағдайда жануардың бруцеллезге немесе басқа дертке шалдыққанын жасыруға немесе санитариялық союдан бас тартып, қайткенде де делдалдарға арзан бағаға өткізіп жіберуге тырысады. Сондықтан, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті аталған норма талабын орындамаған кәсіпкерлік субъектілерінің әкімшілік жауапкершілік мәселесін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізуді ұсынып отыр. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу