"Болашақ" бағдарламасы: Ғалымдарға қандай талап қойылады?

1775

Тағылымдамадан өту үшін кепілдікке үй қою талап етілмейді.

"Болашақ" бағдарламасы: Ғалымдарға қандай талап қойылады?

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті Айнұр Қарбозова ғалымдар "Болашақ" бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өте алатынын, оларға қандай талап қойылатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айнұр Қарбозованың айтуынша, биыл "Болашақ" бағдарламасына 1055 стипендия бөлінген. Оның 555-і академиялық магистратура, доктарантура және резидентура және тағылымдаманың 4 санатына берілген, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық ғалымдарға тағылымдамадан өту үшін 500 стипендия арнайы бөлініп отыр.

Құжат қабылдау 4 мамыр-28 қазан аралығында жүргізіледі.

"Тағылымдама "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Шетелде кадрларды даярлау республикалық комиссиясының шешімімен 5 тағылымдама санаты бекітілген, - деді Айнұр Қарбозова "Sputnik Қазақстан" баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте.

Бірінші санат: Мемлекет басшысының жыл сайын 500 қазақстандық ғалымды әлемнің ең үздік ғылыми орталығында тағылымдамадан өткізу тапсырмасы шеңберінде арнайы ғалымдар санаты енгізілді;

Екінші санат: педагогикалық қызметкерлер;

Үшінші санат: денсаулық сақтау саласындағы мамандар;

Төртінші санат: инженерлік-техникалық саладағы қызметкерлер;

Бесінші санат: мемлекеттік қызметкерлер;

Айнұр Қарбозованың айтуынша, бұл санатқа енетін ғалымдар бағдарламаға құжаттарын өткізіп, конкурсқа қатысады алады.

"Тағылымдамаға қатысу үшін ғалым жұмыс беруші ұйымда кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы керек. Ол "Болашақ" бағдарламасына тапсырып жатқан мамандығы бойынша 12 ай жұмыс істеуі қажет", - деді Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы.

Оның айтуынша, шартсыз негізде шетелдік ұйымнан шақыру хатын алған үміткер бағдарламаға қатыспас бұрын Білім және ғылым министрлігіне ұйымның халықаралық немесе ғылыми рейтингтерге кіргенін растауы керек. Сонда ғана ол "Болашақ" бағдарламасының конкурсына қатыса алады. 

"Тағылымдаманың мерзімі 12 айдан аспайды. Шетелдік ұйымнан шартсыз шақырту алған ғалым немесе педагог, медициналық қызметкер 12 айлық тағылымдамадан өткісі келсе, алдын ала қабылдаушы тараппен, ғылым жетекшілерімен зерттеу бағытының тақырыбын бекітіп, бағдарламаға тағылымдаманың ай сайынғы жоспарын, шақырту хаты мен құжаттарын бірге тапсыруы керек", - деді Айнұр Қарбозова.

Ол тағылымдамадан өту үшін кепілдікке жылжымайтын мүлікті қоюдың керегі жоғын атап өтті.

"Бағдарламаның әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығы. 
Конкурстық іріктеуден сәтті өтіп, стипендия иегері атанғандар, яғни тағылымдамадан өтетіндер үшін кепілдік нысаны – жылжымайтын мүлік талап етілмейді", - деді басшы.

Оның айтуынша, мұнда стипендия иегерілерімен 2 келісімшарт жасалады. 

"Біріншісі, оқу барысының талаптары мен міндеттері айқындалатын келісімшарт. Екіншісі, кепілдік келісімшарты. Онда тағылымдама иегері жылжымайтын мүліктің орнына 2 жеке тұлғаны көрсетеді",– деп түйіндеді сөзін Айнұр Қарбозова.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу