Желді күні Жомарт Бекмырзаевтың малы сайға, өзі үйге тығылған. 3 күндік жел қора-жайын жайпап кеткен. Бораннан шатыры шегесімен қаңбақша ұшқан.
Шаруа боран болғанда ауыл әкімінен басқаны көргеніміз жоқ дейді. Қожалық иелерінің қамын жеп, қарайласуға ауданнан ешкім келмеді деп өкпелі.
Бүлінгенді бұқара өздері бүтіндегісі жоқ. Ол үшін мал сатады. Төрт түлік кетсе,оның несі қожалық деп қапалы.
"Қораның төбесін ұшырды, шифр ұшты, біраз рейкалар кетті. Амал жоқ енді мал сатып, орнына келтіру керек қой", дейді Майтөбе ауылының тұрғыны Жұбаныш Жазыпбаев.
Берікқара ауылында 56 қожалық бар. Оның 10-ы жойқын желден бүлінген.
Желден жапырылып, іргетасымен опырылып түскен қиранды қораның ішкі қалпы осындай. Шығынға батқан шаруа әйтеуір желді күні іште жылқы болмады деп өзін жұбатады.
Қолайсыз ауа райынан кейін Талас ауданындағы төтенше жағдай әлі бабында. Ал қираған қора-жайды толық жаңарту заң талабына қайшы екен. Мұндайда жеке қожалықтарға жәрдем беру қаралмапты. Бүлінгенді бүтіндеу үшін аудандық әкімдік Қаратаудан қалған құрылыс материалдарын малды ауылға жеткізіп, жәрдем бермек.
"Ескі зат деп айтуға болмайды. Шатыры ұшқан үйлердің содан шыққан материалдарды қора-жайларға жабу мүмкіндігі болған соң, біз соларға көмек ретінде үйлестіріп отырмыз", дейді Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Әбдімәшұлы.
Ескі-құсқыны қарашаға таратып, ауылдықтарды алалаған ешкім жоқ, дейді аудандық атқамінерлер. Өйткені желден ұшса да, материалдар жарамды көрінеді. 60-70 пайызға жаңа дейді. Айта кетейік, қазір Талас ауданында бас-аяғы 12 қожалық желден жапа шеккен.