Smart Aqkol & Smart Arys

2446

"Қазақтелеком" цифрлық трансформацияны жүзеге асырып жатыр.

Smart Aqkol & Smart Arys

Ұлттық байланыс операторы "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының "ақылды қала" тұжырымдамасы аясында Smart Aqkol атты заманауи жобаны қолданысқа енгізді. Бастаманың баянды болғанының жарқын көрінісі деп білерсіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жобаны Қазақстанның өзге қалаларына таратуды тапсырды.

Айта кетейік, Ақкөлді "ақылды қала" атандырып, басқа шаһарларға үлгі етіп көрсетуге 2,5 млрд теңге жұмсалды. Жобаның жүзеге асуына "Қазақтелеком" АҚ өлшеусіз үлес қосты.

Smart Aqkol – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаңа жоба. Ол адамдардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.

"Қазақтелеком" Smart Aqkol  жобасы арқылы "ақылды қалаларды" дамытудың бірыңғай стандартын қалыптастырды. Бұл үшін ұлттық оператор жоғары деңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және түрлі техникалық ақауға төтеп беретін деректерді өңдеу орталығы негізінде оптикалық және есептеуіш инфрақұрылымды іске қосты. Сонымен қатар "Бұлтты бейнебақылау" мен 5G технологиясын қолданысқа енгізді.

"Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, Smart Aqkol жобасы негізінде бұрын мемлекеттік органдардың қолы жетпеген әртүрлі деректердің өзара байланысын анықтайтын цифрлы экожүйе құрылған. Нәтижесінде қаланы басқару жеңілдеген. Smart Aqkol Smart Home және Smart City жобаларын мегаполистерге енгізудің тиімді тетігін анықтап берген. 

"Қазақтелеком" Ақкөл қаласында Smart Aqkol ахуалдық орталығы негізінде цифрлы және зияткерлік инфра­құ­рылым құрған. Бұл туралы Қазақтелеком АҚ-ның инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов: "Талшықты-оптикалық байланыс пен  LoRaWAN энергиялық тиімділік желілері мен қо­ғамдық Wi-Fi орнатып, LTE желісін  жаң­ғыртты. Осылайша қалаға түрлі моди­фикациядағы 100-ге жуық камера, суды есепке алудың 4500, электр энергиясын есепке алудың 6 мың құрылғысын қосып, IoT датчиктер орнатты. Қазір "Қазақтелеком" АҚ желілік және ИКТ инфрақұрылымына инвестиция салып жатыр. Жал­пы алғанда, біз Қазақстан бойынша 5,5 млн тұрғыны бар 1,5 млн пәтерді, 100 мыңға жуық кіреберісті қамтитын 30 мың­нан аса көппәтерлі үйді GPON опти­калық желісімен қамтамасыз еттік, – деді.

Естеріңізге салайық, Ақкөл коммуналдық қызмет көрсетудің барлығы цифрландырылған Қазақстандағы алғашқы қала. Жобаның тұжырымдамасы  қауіпсіздіктен экологияға дейін 11 бағыттан тұратын "ақылды" қалаларды дамытудың бірыңғай стандарты болып бекітілген. 

Үкімет басшысына таныстырды
Осыдан біраз бұрын "Қазақтелеком" АҚ Smart Aqkol негізінде жасалған Smart Arys жобасын Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарына ұсынды.

Таныстырылым барысында "Қазақтелеком" АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов Арыстағы апат орнында ауаның жай-күйін бақылайтын 2 экологиялық станция орнатылғанын және 40 метр биіктікке қаланы қалпына келтіру жұмысын бақылайтын тұнықтығы жоғары камера қойылғанын мәлімдеді.

"Ақкөл қаласында "Ақылды қала" бойынша жинақтаған тәжірибемізді қолдана отырып, Арыс тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Smart Arys жобасы муниципалдық ұйымдардың міндеттерін автоматтандыруға серпін береді және өмір сүру сапасын арттырады", – деді Нұрлан Мейірманов.

Түркістан мен Ақтау да "ақылды қалаға" айналады
"CIO and Digital Professionals Workplace 2019" конференциясында "Қазақтелеком" Түркістан мен Ақтау қалаларын "ақылды қалаға" айналдыруға қадам жасады.

Мақсатқа жету үшін Маңғыстау, Түркістан облыстарының әкімдіктерімен, UBIC Technologies компаниясымен және "ҚАЗСУШАР" мемлекеттік кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Келісім аясында жоғарыда көрсетілген қалаларға қоғамдық бейнебақылау мен wi-fi орнатылатын болды. Тараптар оптикалық талшықты байланыс пен LPWAN желісін тартып, ахуал орталығын құруға уағдаласты. Сонымен қатар жедел жәрдемнің диспетчер қызметін автоматтандырып, Big Data енгізу мәселесі шешілді.

"Уақыт өте келе "Ақылды қала" жобасы жаппай қолданысқа енеді. Нәтижесінде өмір сүру сапасы артып, қоғамдық тәртіпсіздік пен қылмыс азаяды. Адамдардың уақыты үнемделіп, шығындары қысқарады", – деді "Қазақтелеком" АҚ Корпоративтік бизнес дивизионының департамент директоры Самат Имбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу