Бүгін кешкі сағат 18:00-де "Ел арна" қалың көрерменімен қайта қауышады. Ең бірінші болып "Ән-Аға" және "Дорога домой" атты туындылар көрерменге жол тартады, деп хабарлайды baq.kz.
"Хабар" агенттігінің құрамына кіретін арнада тек қана Қазақстанда шығарылған көркем фильмдер, деректі кино мен сериалдар көрсетіледі. Мұнда мемлекеттік тілдегі туындылардың үлесі 50 пайыздан кем болмайды. Олар эфирге 6 сағаттық қайталаумен шығады. Арна басшылығы "Қазақфильм" акционерлік қоғамымен келіссөз жүргізіп, бірқатар туынды жөнінде шарт жасасты.
Сондай-ақ еліміздің жас әрі дарынды мамандары да өз киноларын бүкіл халық назарына паш ете алады. Жаңа арнаның әкімшілігі олармен тығыз жұмыс жүргізуге дайын екендігін жеткізді.
"Біз жастарды кино әлеміне баулитын мектептермен, түрлі кинофестивальдердің әкімшілігімен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Ұсынылған туындылардың арасында іріктеу өткіземіз. Қысқа метражды және арт-хаус стиліндегі фильмдерді де эфирге шығарамыз. Біздің ойымызша, мұндай ауқымды жоба жас режиссерлердің санын арттырып, кино индустриясының дамуына серпін береді", – дейді "Ел арна" арнасының шеф-редакторы Камила Қамназарова.