Жылдамдықты шамадан тыс асырған шенді тәртіп сақшысы Бурабайға кіре берісте адам қағып кеткен. Төлем терминалына барып, жолақысын төлеп тұрған кісі сол жерде жантәсілім етті. Ал полицей оқиға орнынан із суытқан, деп хабарлайды КТК.
Нұрлан Жүнісов таңертеңгісін Макинск қаласына іс-сапарға кеткен. Ол Көкшетаудағы электр желілері торабында бағаналар таситын жүк көлігінің жүргізушісі. Жолда көліктен түсіп төлем терминалына жол ақысын төлемек боп жақындағанда, жүйткіген көлік кеп соққан.
Оқиға орнынан қашып кеткен Макинск қалалық желілік полиция бөлімшесінің бастығы екен.
"Көліктегі полиция департаменті бастығының ағымдағы жылғы 27 мамырдағы бұйрығымен Макинка станциясындағы желілік полиция бастығы, майор Роллан Қанғожин ішкі істер органдарынан шығарылды. Сонымен қатар Көкшетау станциясының желілік полиция бөлімінің бастығы атқарып отырған лауазымынан босатылды",– дейді ҚР ІІМ Көліктегі ПД баспасөз хатшысы Ләззәт Қасымжанова.
Жол апатын жасап, адам өліміне себепші болған бөлімше бастығының бұл әрекеті үшін басшы құрам санатындағы бірнеше қызметкер де тәртіптік жауапқа тартылған.