Былтырғыға қарағанда тамақты аз сатып ала бастадық

842

Жалпы үш тоқсанда ҚР тұрғындары мен қонақтары еліміздің дүкендері мен базарларында 9,2 триллион теңге қалдырды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеп.

Былтырғыға қарағанда тамақты аз сатып ала бастадық

Биылғы қаңтар-қыркүйекте бөлшек сауда көлемі 9,2 трлн теңге болды. Бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңге қарағанда 14,6%-ға артық. Инфляцияны ескергендегі нақты өсім – 6%. Салыстыру үшін айтсақ, былтырғы алғашқы үш тоқсанда пандемияға байланысты көрсеткіш 6,8%-ға төмендеген.

Өңірлер арасында ритейлдің үштен бір бөлігі Алматыға тиесілі: 2,9 трлн теңге. Одан кейін Нұр-Сұлтанда да бөлшек сауданың көлемі айтарлықтай: 1 трлн теңгеден сәл асады.

Былтығымен салыстырғанда бөлшек сауданың нақты өсуі барлық өңірлерде байқалды. Ең елеулі өсім Алматыда (12,6%) тіркелді, одан кейін Шымкент пен Маңғыстау облысы (8,1%). Ең төменгі өсім Солтүстік Қазақстан (0,2%), Ақмола және Алматы облыстарында (0,6%) байқалды.

Бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым. Олар биылғы қаңтар-қыркүйек айларында барлық ритейлдің 64%-ын (5,9 трлн теңгені) құрады.

Азық-түлік тауарларынан 3,3 трлн теңге түскен. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға аз.

Пандемия дендеп тұрған 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте азық-түлік тауарларын сату 4,9%-ға өскен. Ал азық-түлік емес тауарлар, керісінше, 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға азайған.

2021 жылғы қаңтар-қыркүйек қорытындылары бойынша, азық-түлік тауарларының бағасы 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға өсті. Бұл кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып есептеледі.

Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 6,5%-ға өсті. Бұл кейінгі үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу