Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, бюджеттің түсімдерін көбейтпесе, дефолт болуы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Өйткені, жылдан жылға шығындар орта есеппен 28 пайызға өссе, жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші небары 15 процентке артқан. Ал мемлекеттік бюджет түрлі жеңілдік беру салдарынан қомақты қаржыдан айырылып отыр. Мысалы қазына 2018 жылы 5,5 трлн теңгеден қағылса, 2021 жылы 8 трлн теңге кем жиналған. Сондықтан, преференциялардың тиімділігі сараланып, кей секторға басымдық беруді доғару керек деді депутат.
"Бюджеттің кіріс бөлігінің түсімдерін ұлғайту бойынша шұғыл шаралар қабылдансын. Кейіннен паспорттау практикасын енгізе отырып, қолданыстағы салық жеңілдіктеріне, субсидияларға және басқа да преференцияларға, оның ішінде Қосымша құн салығы бойынша түгендеу жүргізілсін. Алдағы уақытта салық жеңілдіктерінің тиімділігін бағалауды жүйелі негізде жүргізу, субсидиялар мен өзге де преференцияларды беру оларды одан әрі қолданудың орындылығы туралы шешімдерді әзірлей отырып қамтамасыз етілсін", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Сонымен қатар, депутат екінші деңгейдегі банктердің шығыстарды шегерімге жатқызуына қатысты көзқарастарды жетілдіруді, шикізат экспорттаушыларына қарағанда қайта өңдеу кәсіпорындары мен дайын өнімді өндірушілерге преференциялар, салық жеңілдіктері мен артықшылықтар беруді, Салық кодексінен жеке сипаттағы жеңілдіктер беретін барлық нормалар алып тастауды ұсынды.