Цифрлық теңге өндірістік платформасының бірінші кезеңін енгізу жоспарланып отыр

Ұлттық төлем жүйесі мен цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша банктердің қатысуымен жиын өтті.

Цифрлық теңге өндірістік платформасының бірінші кезеңін енгізу жоспарланып отыр Фото: baq.kz

2023 жылғы 10 наурызда Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкінің (ҚҰБ), Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы (ҚҚҚ) мен екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) басшылары Ұлттық төлем жүйесі мен цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланған жиналысқа қатысты.

Ұлттық Банк төлем қызметтері нарығын реттеуді жетілдіру тәсілдерімен таныстырды, сондай-ақ Цифрлық теңгені енгізу, ашық банкингті дамыту, Банкаралық төлем карточкалары жүйесін масштабтау және Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Биыл қаржы нарығының қатысушыларымен бірге нақты тұтынушылармен және сауда-сервистік кәсіпорындармен Цифрлық теңге өндірістік платформасының бірінші кезеңін енгізу жоспарланып отыр.

Ұлттық цифрлық валютаның енгізілуі азаматтар мен мемлекеттік органдар үшін әлеуметтік төлемдердің рәсімін жеңілдетеді, сондай-ақ, смарт-келісімшарт технологиясы негізінде инновациялық сервис құру мүмкіндігіне жол ашады. 

"Цифрлық активтер мен орталықтандырылмаған қаржы индустриясында Цифрлық теңге платформасында қолданысқа енгізу және интернет болмаған жағдайда да есеп айырысу функционалдығын жасау бойынша да жұмыстар әлі жүріп жатыр.

Ашық бағдарламалау интерфейсі (Open API) стандарттарын енгізу және ашық банкинг платформасы (Open Banking) бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарда бар. Ашық банкингті енгізу қаржы қызметі нарығындағы бәсекелестікті дамытады, экожүйелер арасындағы жүйеаралық өзара іс-қимылды оңтайландырады және инновациялардың дамуына нұқсан келтірмей, жеке деректер мен тұтынушылардың құқығын қорғауды қамтамасыз етеді", – деп жазылған хабарламада.

Төлем жүйелерін одан әрі дамыту Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің тұрақтылығы мен үздіксіз болуын қамтамасыз етеді, іскерлік айналым қатысушылардың шығынын азайтады және тұтынушы үшін қолайлылықты арттырады.

ҚҰБ тиімді бәсекелестікті ынталандыру, тұтынушының құқығын қорғау, қаржылық қызметтерді цифрлық форматта ұсынудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығының барлық қатысушылары үшін тең қолжетімділік қағидаттарына негізделген цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамытуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу