Дамушы елдер адам құқықтарын қорғамайынша, экономика өспейді. Билік пен әділеттілікке сенімі аз халықтың күші табысын еселеуге емес, қорғауға кетеді. Бұл туралы Ташкентте өткен Заң форумында Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Қазіргі қоғамда билік пен бұқара арасында сенім аз. Өйткені азаматтар өздерін қауіпсіз сезінбейді. Адамдардың негізгі құқықтары көбейіп жатыр. Енді мемлекет таза экология мен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек. Бұл қазіргі заманның адам құқықтарына қатысты жаңа талаптары", - деді БҰҰ Даму Бағдарламасының Өзбекстандағы тұрақты өкілі Матильда Димовска.
Ал әлемді өзіне қаратқан Сингапур "мықты заң мен білікті мамандар" елдің экономикалық кереметінің формуласы,-дейді. Ол үшін елде билікті емес көпшілікті қанағаттандыратын адам құқықтары болуы керек.
"Бізде ешқандай қазба байлық жоқ. Тіпті суды экспорттаймыз. Бірақ орталықтанған билік мықты заңға сүйеніп жұмыс істесе халықтың жағдайын көтеруге болады. Дамушы елдер батыстың тәжірибесін аларда елдің әлеуметтік жағдайына да қарауы керек. Қыруар қаржы жұмсамай-ақ реформалар жасауға болады. Мәселен біз білімге көп қаржы бөлмейтін, бірақ әлемдік рейтингтегі көшбасшы елміз", - деді Сингапур Республикасының Ішкі істер және Әділет министрі Шанмугам Касивисванатан.
Дүниежүзілік адам бостандығы индексінде 165 елдің ішінде 106-шы орындағы Қазақстанның Сингапурден үйренері көп.
"Әлем өзгеріп жатыр. Сондықтан адамның негізгі құқықтары да кеңеіп келеді. Біз мұнда тәжірибе алмасуға келдік. Қазір зияткерлік меншікке қатысты мәселе көп. Бұл саладағы адам құқықтарын ақпараттық технологиялар дәуіріне сай қорғай алу да маңызды", дейді ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова.
Жиында заңгерлер пандемия кезінде адам құқықтары шектелді, енді қателіктермен жұмыс істейтін кез келді,- деді. Өзбекстан әйел бостандығы, Қазақстан сот жүйесі туралы айтты. Ал Сингапур бұл мәселелер қолжетімді баспана, тегін медициналық көмек сияқты адамның ең негізгі құқықтарының біріне айналуы тиіс деген бастама көтерді.