Данияр Ақышев: Биылғы жылы инфляция 5-7 пайыз нысаналы дәлізде қалады

966

Бас банк басшысы болашақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банктің 15 қазанда базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. 

Данияр Ақышев: Биылғы жылы инфляция 5-7 пайыз нысаналы дәлізде қалады

2018 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында инфляция 3,3% болды, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен. Қыркүйектегі жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы бас банк басшысы Данияр Ақышев сенаттың жалпы отырысында  баяндады.

"Қазақстан Ұлттық банкінің бағалауы бойынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде қалады, ал 2019 жылы ол 4-6% болатын жаңа барынша төмен нысаналы дәліздің жоғары шегінің жанында қалыптасуы керек", - деп атап өтті Данияр Ақышев.

Ол болашақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Қазақстан Ұлттық банкі 15 қазанда базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді.

"Жылдың басынан бастап 24 қазанға дейін валюта нарығында теңге бағамы 10,1%-ға әлсіреді және бір АҚШ доллары үшін 365,82 теңгені құрады. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының күшеюі. Екінші фактор - Ресейге қарсы санкцияларды одан әрі қатайту туралы хабарлау. Осыған орай, жылдың басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15% болды. Ұлттық банк шекарасы, дәлізі немесе басқа да бағдарлары жоқ өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуін жалғастырады", - деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы.

Оның айтуынша, алдын ала деректер бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынвалюта резервтері 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларына жетті.

"Биылғы жылдың 9 айында депозиттер 0,8%-ға 17,6 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 1,1% немесе 97 млрд теңгені құрды. Шетел валютасындағы депозиттер 0,5%-ға немесе 40,8 млрд теңгеге көбейді. Нәтижесінде, депозиттердің долларландыруы 47,5%-ға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер мерзім және салым түрі бойынша жіктеледі", - деді ол.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы кредит нарығы қалпына келуде деп атап өтті. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 айда жаңа несиелер беру көлемі 25,8%-ға немесе 2 трлн теңгеге өсті. Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 11,2%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге бағаланып отыр. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы қыркүйекте 12,2%-ға дейін төмендеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу