Дәріге салықтық жеңілдік бергенімен, баға түспейді – депутат

204

Үкімет Мәжіліске Салық кодексінің жобасын таныстырды. 

Дәріге салықтық жеңілдік бергенімен, баға түспейді – депутат Фото: РБК

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов салықтық жеңілдіктер бойынша мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз өткен тұсаукесерде депутаттармен барлық салықтық жеңілдіктерді алып тастайық, сосын Парламентте министрліктер немесе сарапшылар сол салықтық жеңілдіктер керек пе, керек емес пе – соны дәлелдесін деп келіскен болатынбыз. Мысалы, 9,5 трлн теңгені мүмкін қайтару керек шығар. Біз соңғы презентацияда солай келісіп едік қой. Сіз бар болғаны 1,3 трлн теңгеге әкеліп отырсыз. Барлық салықтық жеңілдікті алып тастайық, 9,5 трлн теңгені орнына қояйық, сосын Парламентке келіп дәлелдесін. Дәрі-дәрмек, құрылысқа байланысты айтқанымыз бар. Дәрі-дәрмекке салықтық жеңілдік бергенімен, дәрі-дәрмек бағасы түспейді. Құрылысқа байланысты да тұрғын үйдің бағасы түспейді. Әріптестерден тезірек алып тастайық деген ұсыныс болған. Сосын табыс салығына келсек, айына қаншама табыс табылады. Прогрессивті шкала бойынша қандай салық салынады деген мәселе туындаған болатын. Бұл қалай шешіледі?", - деп сұрады депутат.

Бұдан бөлек халық қалаулысы өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға да тоқталды.

"Біз отандық өндірушілерді қолдаймыз дедік, қалай қолдаймыз? Қосылған құн салығына байланысты реформалау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Мұнайшыларға немесе қазба байлықты шығаратындарға қосылған құн салығын қайтарудың қажеті бар ма? Тауар өндіретін азаматтарға қосылған құн салығын қайтарайық, ал бұлардың барлығын толығымен алып тастайық деген ұсыныстар болған. Осы мәселелер қалай шешіліп жатыр?", - деді Мархабат Жайымбетов.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің сөзінше, құрылысқа байланысты жеңілдіктер қысқартылды.

"Ондағы жеңілдік көлемінің сомасы 66 млрд теңгеге жуық.  Біз денсаулық сақтау, ветеринарияда да жеңілдіктерді қысқарттық. Салықтың прогрессивті шкаласы бойынша айтатын болсақ, бұл Жолдау аясында берілген жаңа тапсырма. Қазір есептеулер жүргізіліп жатыр. Әртүрлі шкалалар бар, бұл бағытта Үкіметтің соңғы ұстанымын айту әлі ерте. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға кішігірім тоқталатын болсам, түрлі шкалалар бар. Түпкілікті нәтижесі белгілі болған соң бұл санды қосымша хабарлаймыз. Отандық өндірушілерді қолдауға келсек, жеке өндіріс болған жағдайда мөлшерлемені 10 пайызға дейін азайтамыз дедім. Бұдан бөлек еркін экономикалық аймақтар үшін жеңілдіктер сақталды. Инвестициялық салықтық преференциялар бар. Олар бойынша да жеңілдіктер бар. Қосылған құн салығы бойынша кейінге шегеру сақталады. Қосылған құн салығын қайтару туралы айтсақ, біз бұл сұрақты талқыладық. Қосылған құн салығын қайтарған дұрыс және ол бәріне бірдей жасалу керек. Металды экспорттаған жағдайда ғана қосылған құн салығының барлық мөлшері қайтарылмайды, қалғаны бойынша қайтарылым бар. Мұнда түрлі ұсыныстар болғанын айта кеткен жөн. Пікір алуандығы бар. Методологиялық тұрғыдан барлығын қайтарған дұрыс", - деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу