Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша жаңадан 240 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылатынын мәлім етті.
"Бүгін премьер-министрдің жетекшілік етуімен мемлекеттік комиссия өтті. "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы мәселелері де қарастырылды. Бюджеттен бөлінген 1 трлн теңге қаражаттың 970 млрд теңгесі өңірлерге таратылды. Бағдарлама тұрғын үй нысандары мен елдімекендерді абаттандыруға, әлеуметтік, транспорттық инфрақұрылымды жаңғырта отырып жұмыс орнын ашуға бағытталған. Бұдан басқа, жаңа нысандардың құрылысы да қарастырылған. Бұл – 147 әлеуметтік нысан, 56 тұрғын үй мен жатақханалар, сумен жабдықтаудың 75, газбен жабдықтаудың 33, электр қуатымен жабдықтаудың 42 нысаны және т.б. Сондай-ақ 2,5 мың әлеуметтік нысан қайта құрылымдалып, 73 мың жұмыс орны ашылады. Бұлар – мектептер, ауруханалар, спорттық кешендер, мәдениет үйлері. Су құбырлары, жылу жеткізу жүйесі сынды 979 тұрғын үй шаруашылығы нысаны жетілдіріледі. Бұл жерлерде 40 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. Барлығы 7 мыңдай жоба іске асады. 240 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады", – деді Дәурен Абаев.
Нұржан Көшкін