Бүгін Астанадағы Назарбаев университетінің ғимаратында "Әдебиет порталының" жаңа нұсқасы adebietportal.kz таныстырылды. Шара барысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзіне ұнайтын өлеңді оқып берді, деп xабарлайды inform.kz.
Порталдың жұмыс істеп жатқанына үш жыл болды. Сайттың жаңа нұсқасына бірнеше өзгеріс енгізілді. Біріншіден, порталдың визуалды келбеті заманға сай өзгертіліп, оқырман үшін жеңіл әрі ыңғайлы қызметтер енгізіліп отыр. Екіншіден, кез келген қолданушы жеке блогын ашып, әдебиет тақырыбында еркін пікір алмаса алады. Үшіншіден, сайттың мобильді нұсқасы іске қосылды.
Шара барысында Мырзатай Жолдасбеков және Төлен Әбдік сынды елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушылар өз тілектерін білдіріп, бір-бір өлең шумағын жолдады. Дәурен Абаев та олардан қалыспай, Қадыр Мырза-Әлінің бір өлеңін оқып берді.
"Екі-үш күн бұрын алқа мәжілісінде Мырзатай ағамыз "Кіндігімді кескен жұрт" атты керемет бір кітапты сыйлап еді. Соны қарап шығып, бір өлең қатты ұнады. Сол өлеңді оқып берейін. Авторы – Қадыр Мырза-Әлі ағамыз:
"Қабат-қабат бұлт төнсе де басыңа,
Қабағыңды шытпа, жігіт, жасыма!
Біз шегінсек, біз жеңілсек, біздерді,
Байқап тұрып не істемекші жас ұлан?!
От ішінде, өрт ішінде күйгенде,
Басыңды име, тізе бүкпе, именбе!
Ер еңкейсе, еңкейеді жалғыз-ақ,
Туған жердің топырағын сүйгенде!.
Әдебиет порталының жаңа нұсқасы құтты болсын! Осы жаңа қадам елге әдебиетті жаңаша насиxаттауға өз үлесін қосады деп сенемін", – деді Абаев.
Айта кетейік, "Әдебиет порталы" ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты "Қазконтент" АҚ құрамына кіреді. Қазір порталда 4 мыңнан астам кітап бар. Сондай-ақ үш мыңнан астам автордың жеке парақшасы ашылған.