"Антикор мәліметіне сәйкес, жұртшылық қатарынан 150 тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, 16,5 мың нормативтік құқықтық актінің жобасына коррупциялық сипатына қатысты сараптама жүргізген, нәтижесінде 38,5 мыңнан астам жағдайда сыбайлас жемқорлыққа апарып соғатын тетіктер орын алғаны анықталған", – деді депутат.
Аталған мәлімет – дәлелденген ресми ақпараттың бір парасы ғана.
"Мысалы, ауыл шаруашылығындағы субсидияға қатысты Антикор қызметі агенттігінің 171 ұсынымның 147-сі қолданысқа енгізілді, сондай-ақ теміржол тасымалына қатысты да ұсынымдар берілген. Бұл ұсынымдар жоғарғы тиімділігін дәлелдеді.
Оның үстіне, жемқорлық тәуекелі бар, мемлекеттік сатып алумен айналысатын, 16,2 мың мекеме тағы бар. Қазіргі таңда еліміздегі белең алған коррупциялық схемалар шарықтау шегіне жетті", – деген депутат парақорлықтың жолын кесу мақсатында бірқатар ұсынысын айтты.
Атап айтқанда:
1) министрліктер тарапынан әр сала бойынша басшылыққа алынған ведомостволық нормативтік-құқықтық актілердің, яғни, заңға тәуелді актілердің коррупциялық сипатына қарай, біртіндеп, кестеге сай комплексті аудит жүргізу;
2) Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Антикор, Қаржы мониторингі және Мемлекеттік қызмет агенттіктері өкілдері бірлесіп, ведомоствоаралық бейтарап алаңда тиісті министрліктердің актілерін қарап, ондағы жемқорлыққа мүмкіндік беретін "саңылау – нормаларды жою" жұмыстарын қолға алу.
"Аталған мәселеге байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нақты көзқарасы мен ұстанымын білдіруді сұраймын", – деп түйіндеді депутат.