Депутат қос азаматтыққа арнайы тексеріс жүргізуді ұсынды

1688

Оның пікірінше, бұл қос азаматтық үшін жазаны күшейтуге ықпал етеді. 

Депутат қос азаматтыққа арнайы тексеріс жүргізуді ұсынды

Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов мемлекеттік қызметкерлердің қос азаматтығын анықтау үшін арнайы тексеріс жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сенатор депутаттық сауалын Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдады.

Ол Қазақстан Президенті мемлекеттік қызметкерлер немесе квазимемлекеттік мекемелердің басшыларында қос азаматтық анықталса, оларды қызметінен босату туралы тапсырма бергенін еске салды.

"Мұны жүзеге асырудың құқықтық шарасы ретінде жылдың соңында Мемлекеттік қызмет туралы заңға және Еңбек кодексіне түзетулер енгізілді. Оған сәйкес қызметкерде шетел азаматтығы анықталса, ол мемлекеттік қызметтен шығарылады. Ал квазимемлекеттік мекеме басшылары Қазақстан азаматы бола тұра, басқа азаматтығы болса, еңбек шарты бұзылады",  деді Нұржан Нұрсипатов. 

Оның пікірінше, қабылданған шараларды одан әрі жүйелі және дәйекті дамыту қажет. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің қос азаматтық алғаны туралы фактілер анықталып жатыр. 

"Еліміздің құқық қорғау, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі, арнаулы мемлекеттік органдар туралы салалық заңдарда шет мемлекеттің азаматтығы қызметтен шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды... Сондықтан мемлекеттік қызметкердің өзі не оның отбасы мүшелері, өзге мемлекеттің азаматтығын қабылдауға ниет білдірген кезде өз басшыларын хабардар етуі керек", деді сенатор.

Сондай-ақ депутат мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде (құқық қорғау, әскери қызмет) қызмет ететін адамдардың шет мемлекетте тұруға ықтиярхат (вид на жительство) алуына тыйым салу керек деген пікірде. Өйткені бұл кейбір елдерде тыйым салынған. 

"Осы орайда тек мемлекеттік қызметке қабылдауда ғана емес, жұмыс жасап жүрген кезде де қызмет шарттарына сәйкестігін анықтау үшін арнайы тексеруді енгізуді қарастыру қажет", деді Нұржан Нұрсипатов. 

Сенатор бұл шара басқа азаматтықты алған адамның отандық паспортты (төлқұжат) пайдалануы, не шетел азаматтығын алу фактісін алуды хабарлау мерзімін бұзғаны үшін көзделген әкімшілік жауапкерлікке түзету енгізуге, жазаны күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтық үшін жазаны қатаңдатуды ұсынған.

Сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан қос азаматтықпен бірігіп күресетіні хабарланған еді.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу