Депутат Ұлттық қорға қол сұғуды тоқтатуды ұсынды

359

Үкімет Ұлттық қордан тартылатын нысаналы қаражатты жылдан жылға төмендетуге ниетті екенін жеткізді.

Депутат Ұлттық қорға қол сұғуды тоқтатуды ұсынды Фото: inbusiness.kz

Бүгінгі таңда Ұлттық қордың қаражаты азайған. Бұл туралы депутат Нұртай Сабильянов Мәжілістің кезекті отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Ұлттық қор – халық және болашақ ұрпаққа қызмет ететін қор. Президент Ұлттық қордағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 млрд болатын болса, қазір ол бар-жоғы 60 млрд болып отыр. Қордың қаражаты азайған", - деді ол. 

Халық қалаулысы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайтынын еске салды.

"Бұған Парламент тиісті заң қабылдады. Сондықтан да халықтың Ұлттық қорға деген, оның қаражатына деген назары ерекше болады. Өйткені әр ата-ана өз балаларына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отыратын. Сондықтан меніңше, Ұлттық қордан болашақта қаражат алуды тоқтатуымыз керек және оның тиімділігін арттыруымыз керек. Тиімділік демекші, бұл Ұлттық қорды пайдалану бізде тиімсіз. 2022 жылдың өзінде 1 трлн 300 млрд-тан аса шығынға батыпты. Енді дайын қаражатты басқара алмау да дұрыс емес қой. Ал енді осы заң жобасын республикалық бюджеттің тапшылығын жабу үшін істеп отырмыз. Республикалық бюджеттің тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуы керек. Осы мәселені түрпкілікті шешу үшін қандай шаралар қабылданады?", - деді Нұртай Сабильянов.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 трлн теңгені құрайды. Олар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. 

"Сонымен қатар Ұлттық қордан тартылатын трансферттер, нысаналы қаражат жылдан жылға төмендейтін болады. Оның орнын республикалық өз кірістер алатын болады. Ол үшін біз ең әуелі тиісті инвестицияларды тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселелерін шешеміз. Қазіргі таңда 32 трлн теңгені құрайтын 970 ірі инвестициялық жобаны іске асырудамыз. Олар 500 млн теңгеден асатын шикізат емес секторындағы жобалар, соның 400-і 4,6 трлн теңгеге келесі жылы іске асатын болады. Сонымен қатар осы барлық жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуымыз керек. Сол үшін тарифті инвестцияға айырбастау іске асырып жатырмыз. (...) Биыл экономикалық өсу қарқыны 4,7 пайыз болса, келесі жылы 5,3 пайыз, 2026 жылға дейін 6 процентке дейін өседі деп болжам отырмыз", - деп жауап берді Премьер-Министр.

Айта кету керек, Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасын қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу