Депутаттар демалысқа шықты: Парламент жұмысы несімен есте қалды?

303

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары бірлескен отырысында 8-ші сайланған ҚР Парламентінің 2-сессиясының жұмысы аяқталды.

Депутаттар демалысқа шықты: Парламент жұмысы несімен есте қалды? Фото: gov.kz

Сессия барысында палаталардың 5 бірлескен отырысы, мәжілістің 39 отырысы және сенаттың 43 отырысы өтті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы аралықта істелген жұмыс пен қабылданған заңдарға егжей-тегжейлі тоқталды, деп жазады Inbusiness.kz сайты.

"Бүгін біз 8-ші сайланған ҚР Парламентінің 2-сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Дәстүр бойынша атқарылған жұмысты қорытындылаймыз, келешекке жоспар құрамыз…Палаталардың 5 бірлескен отырысы, мәжілістің 39 отырысы және сенаттың 43 отырысы өтті", — деді Мәжіліс төрағасы. 

Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 102-сі қабылданды. 

"Біз басты қаржы құжатын — республикалық бюджетті қабылдадық. Нәтижесінде шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерлерінің жалақысы өсті. Биылғы қаңтар айынан бастап ең төмен жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді", — деді Ерлан Қошанов. 

Оның айтуынша, осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесі өз шешімін тапты. 

"Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам адамның көптен күткен мәселесіне нақты жауап болды. 

Соңғы жылдары жылумен, электржабдықтау саласындағы проблемалар жиі көтеріле бастады, біз апаттардың куәсі болды. Бұл жылдар бойы жинала берген мәселелер. Өңірлерде жабдықтардың 80%-дан астамы тозған, парламент қабылдаған Жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түсті. 

Осылайша біз жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша: өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік. Нысандардың жылу беру маусымына дайындығын бірінші басшылар тікелей жауапты болады, сонымен қатар жылумен жабдықтау жүйесінде ақау табылса, тұтынушылар шығында өтеуді талап етуге құқылы. Сондай-ақ электрмен жабдықтаушы делдар ұйымдардың қызметін тоқтату жөнінде норма қабылдадық. Бұл нормаға қарсылық білдіргендер болғаны да жасырын емес, бірақ депутаттар мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш жігерімен біз осы норманы қорғап шықтық", — деді спикер.

Тағы бір мәселе — мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кемшіліктер. Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтірді. 

"Соның салдарынан жергілікті жерлерде, әсіресе, инфрақұрылым нысанын салу саласындағы бастамалар жылдар бойы іске аспады, сондықтан мемлекет басшысы бүкіл мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау қажет екенін бірнеше рет айтып өтті. 
Қабылданған мемлекеттік сатып алу туралы заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Процесстің ашықтығын, сапаның бағадан басым болуын қамтамасыз етеді, біраз біз бұнымен тоқтамауға тиіспіз", — деді  Қошанов. 

Осы сессияда сонымен қатар депутаттар Масс-медиа туралы заң қабылдады. Сонымен қатар депутаттар, мәжіліс төрағасының айтуынша, медицина қызметкерлері үшін де біртіндеп қолайлы жағдай жасап жатыр. 

"Медицицна қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігінің міндетті сақтандыру жұмысын енгіздік, әлеуметтік кепілдіктерді күшейттік. Осы заң арқылы біз дәрігерлерді ауылға көшуге ынталандырамыз. Енді ауылдық ауруханаларда жұмыс істегісі келетін дәрігерлер ең төмен 100 жалақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы алады — бұл шамамен 9 млн теңге. Бұдан былай дәрігерлерге айрықша еңбегі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері құрметті атағы берілетін болады. Осы мәселелердің барлығына мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасында ерекше мән берілгенін атап өткім келеді", — деді баяндаушы. 

Сессияда депутаттар алғаш рет адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдады. Бұрын бізде мұндай заң болмаған.

Сонымен қатар Парламент депутаттары "Ұлттық қор — балаларға" жобасын іске асыру үшін заңнамалық база қалыптастырды. Биылдан бастап балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлемдер түсті.

"Депутаттар жер және жер қойнауы, барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені туралы Конституциялық норманы нақты іске асырды. Енді жаңа ірі мұнай-газ орындарының 50 және оданда көп пайызы мемлекетке тиесілі болмақ", — деді мәжіліс төрағасы. 

Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге қатысты түзетулер енгізілді. Депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қоятын талапты қатаңдатты. Онлайн казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды. Вейп қолдануға тыйым салатын заң өз күшіне енді. Табиғат аясындағы вандализм әрекеттеріне қарсы күрес шаралары заңнамалық сипатқа ие болды.

Депутаттар Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын іске асыру үшін халықаралық шарттардың құқықтық базасын қалыптастыру жұмысын жалғастырды. Парламент барлығы 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады. 

"Жоғары аудиторлық палата есебін жылына екі реттен тыңдайтын болдық. Сессия барысында су саласы мен көлік саласын дамытуға қатысты есеп тыңдалды. Соның қорытындысы бойынша Парламент қажетті ұсынымдарды қабылдады. 

Осы жылы 3 парламенттік тыңдалым өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар 10 үкімет сағаты өтті", — деп атап өтті Қошанов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу