Депутаттар халықтың жағдайын моншаға барып біліп жүр екен

1209

Мәжіліс депутаттары министр Әлібек Қуантыров баяндамасын қате әрі түсініксіз деді.

Депутаттар халықтың жағдайын моншаға барып біліп жүр екен Фото: Ашық дереккөзден

"2029 жылға дейін Халықтың табысын арттырамыз" деген министр Қуантыров депутаттардан сөз естіп қайтты. Елдің жағдайынан бөлек, алдымен баяндамасындағы қателерін жөндеп алуға шақырды. Әрі өтірік ақпараттан шаршадық. "Елдің жағдайы моншаға барып жүрген бізге мәлім", деді мәжілісмендер.

Әдемілеп баяндама жасауға келген министр жиынның соңы немен бітетінін әзір білмейді. Көріскендермен мәз. Негізі баяндамасы салмақты әрі маңызды. Халықтың табысына қатысты. Қысқаша қайырсақ, Үкімет 2029 жылға дейін жарты миллион азаматты жұмысқа тұрғызбақшы. Кәсіп ашу үшін несие беріп, 10-нан астам талапты алып тастамақ. Зауыт-фабрикалар ашылады. Өзіміз отандық өнімді өндірмекпіз. Бірақ депутаттар баяндама толған қате әрі түсініксіз,- деп сөкті.

"Сосын мына бағдарламаны жазған адамға дұғай сәлем. Қанағаттандырылмаған деп қарастыруға болады. Бірақ критчиеский деген сыни деген сөз емес. Сосын экстренный деген шұғыл емес. Шұғыл деген срочный деген сөз. Срочный деген күттірмейді деген сөз. Келесі жолы осындайға мән берсеңіздер", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

"Кешен бағдарлама ма белгісіз. Мына документ. Бұл асығыс жасалған қалай болса солай жасалған. үш бет анализ жасалған. Мұндай анализ бола ма. Оның өзі жан-жақтан жинап алған сандар", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Ал, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов:   

"Кешенді жоспарда инфляцияны төмендету мәселесі қозғалмаған. Қанша халықтың табысын арттырғанымызбен, инфляцияны тежемесек, яғни азық-түлік бағасын тарифтер жоғарлауын тежемесек, болмайды", - деп ескертті.

Сондай-ақ, министр өз баяндамасында бұрын-соңды болмаған кәсіпорындар ашылатынын айтты. Айтты да, артынша қайталап сұраған депутатқа керегін не керек емесін нақтылай алмады. Әйтеуір жоспарда тұр деді.

"Шетелдіктер пластикалық зауытты жауып жатыр. Біз ашпақпыз. Екі жылдан кейін қайта жауып тастамаймыз ба?" - деп сұрады ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев.

Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың жауабы мынадай болды:

"Әрине мұндай пластикалық зауыт керек шығар. Индустриялық тізімде отыр. Әрине, жаңа жұмыс орындарын құрайды. Салық төлейді", - деді.

Негізі Үкіметтің есебіне халық сенбейді. Министрлер базар аралап, жаяу жүру керек. Шынайы өмірді көзбен көруі тиіс, дейді мәжілісмендер. Мысалы өздері сияқты. Депутаттар моншаға барып, халықтың жағдайына қанық боп жүр екен.

"Жігіттер, мен "Керемет" деген моншаға барам. Осы кезде халық жетісіне бір емес, екі жетіде бір рет моншаға баратын болған. Өйткені халықтың табысы төмендеп кетті", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

"Мен өзім базарға барып тұрамын. Өзім жаяу жүремін. Оның бәрін біз көреміз. Көп министерлер сөйтеді", - деп жауап қатты ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ал, оған депутат Самат Мұсабаев: "өтірік ақпарат беруді қойыңыз" деді.

Қысқасы, депутаттар бағдарламаның кемшін тұстарын түзеп-күзеп, қайта қорғауды талап етті. Қуантыров ескертулерді ескеруге уәде берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу